2.12.2020, 12:36
Оқылды: 78

Істер тоқтағанмен, алаяқтар тоқтамай тұр!

Адамдар сондай аңғал ма, әлде қылмыскерлер әбден қуланған ба, әйтеуір интернет алаяқтықтың құрбандары азаймай тұр.

D8E18153-144C-4CA9-8533-2D57399548B3

Сырым аудандық полиция бөлімі басшысының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Мақсат Төленовтың айтуынша, 2020 жылы Сырым ауданында 9 алаяқтық фактісі орын алған. Оның 5-еуі интернет арқылы жүзеге асырылған.

Аудандық полиция бөліміне барып, істермен танысқаннан кейін, оқырмандарға сабақ болуы үшін екі қылмысқа егжей-тегжейлі тоқталып кеткенді жөн санадық. Жаз айында Шолақаңқаты ауылдық округі, Тоғанас ауылының М. деген тұрғыны «Фирмаға жұмысшылар керек!» деп ғаламторға жарнама шығарған. Пандемия уақытында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын көп адам жұмыстан қысқармады ма? М. осы сәтті алаяқтық жасауға таптырмас уақыт деп ойлаған секілді. Жарнама бойынша хабарласқан Орал қаласында тұратын Д. деген азаматқа ол жұмыс бар екенін айтып, аздап «еңбегін» берсе, шаруаны оңынан шешуге уәде берген. Д. болса жұмыс тауып берсе болды ғой деп, танымайтын адамның есепшотына 80 000 теңге аударған. М. ақшаны алғаннан кейін, ізім-ғайым жоғалған.

Кейін Д. өзінің әлеуметтік желі арқылы алаяқтыққа алданғаны туралы полиция бөліміне шағым түсіреді. Сырымдық тергеушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде, М.-ның әлеуметтік желі арқылы Д -дан жұмысқа орналастырамын деген желеумен ақша алғаны, жәбірленушіге 80 000 теңге материалдық шығын келтірілгені анықталды. Шығын өтеліп, іс екі тараптың татуласуы негізінде тоқтатылды.

Іс тоқтағанменен, алаяқ тоқтамаған. Өзінің алаяқтығын жалғастырып, тағы 36 адамды жұмысқа кіргіземін алдап, ақша алып, тақырға отырғызған. Сырым ауданынан тағы 3 адам қулықтың құрбаны болған.

Екінші іс те осыған ұқсайды. Қособа ауылының тұрғыны А. деген азаматша да тым сенгіштігінен опық жеген. Әлеуметтік желі арқылы несиесін жабуға көмектемесін деп уәде берген Ә. деген кісіге 40 000 теңге аударған. Онымен Ә. уәдесінде тұрмаған, ақшаны да қайтармаған. Кейін оның Атырау қаласының тұрғыны екені анықталды. Аталған оқиғаға байланысты 29 шілде күні ҚР ҚКнің 190 бабы, 2 бөлігі, 4 тармағы бойынша іс қозғалды. А. мен Ә.-нің WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы сөйлескен жазбалары сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісінде айғақ зат ретінде қолданылды.

- Интернет арқылы алаяқтық жасау – бүгінгі күні жиі орын алатын қылмыстардың біріне айналды. Азаматтар танымайтын, білмейтін, бетпе-бет көрмеген адамдарға оңай алданып қалуда. Біреулер еселеп ақша табамын деп, қарызға батып, барынан айырылады. Біреулер оңай жолмен үй алып, несиеден құтыламын деп, сорлап қалады. Айта кету керек, алаяқтардың ісі, соның ішінде желі арқылы жымысқы әрекет жасағандардың қылмысы бәрібір әшкере болады. Сырым ауданы бойынша тіркелген 9 алаяқтық фактісінің бәрі де ашылды. Интернет арқылы жасалған қылмыстардың 2-еуі тоқталып, 3 іс сотқа кетті. Азаматтарды мұқият болуға шақырамын, – дейді Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Әлімбекеров.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале