19.10.2017, 12:40
Оқылды: 20

Қадыр ақын мұрасы ел ішінде дәріптелді

Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет  және өнер орталығының жанындағы «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымының шығармашылық кеші өтті.

Кейінгі жылдары елдегі қадыртану жұмысы жаңа ізге түсті. Ақынның атын жаңғырту мен шығармашылық мұрасын түгендеу, насихаттау істерінің артында өңіріміздегі Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының тұрғаны қуантады. Осы орталықтың ара болуымен биыл Орал қаласындағы аялдаманың біріне ақынның аты берілді. Бұл – іскерлік емес, қайраткерлік. Ал, орталықтың жанындағы «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының жұмысқа қосылуын қадыртанудағы қарқынды қозғалыстардың бірі деп атар едік. Бұл ұжымның негізгі мақсаты – Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын зиялы ортада емес, елдің ішінде, жалпақ жұрттың арасында насихаттау. Осыған дейін облыс аудандарынан бөлек көршілес Атырау облысы да «Дала дидарымен» дидарласып үлгерді.

Жымпитыдағы кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері, әнші - сазгер Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, «Інжу» дуэті ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Қадыр – ең әуелі поэзияның өкілі, содан кейін сөздің шебері. Ұжымның шығармашылық жүгінің ішінде ақынның өлеңі де, ақын туралы өлеңдер де, оның ауызынан қалған асыл сөздер де бар екен. Жымпитылық көрермендер бағдарламаны үлкен ықыласпен қабылдады.

Кештің соңында сөз сөйлеген Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев көшпелі өнер ұжымына елдің атынан үлкен алғыс білдірді. Ұжымның жетекшісі, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет  және өнер орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолланың айтуынша Қадыр мұрасын насихаттауды орталық республикалық деңгейде жүргізуде. «Дала дидарының» ендігі өнер сапары Маңғыстау облысына қарай бағытталмақ.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале