13.06.2019, 20:07
Оқылды: 620

Қадыр алаңындағы қадірсіз ғимарат

Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында «Қадыр алаңы» аталып кеткен  Қадыр Мырза Әлидің ескерткіші орналасқан алаң бар. Сол алаңға ауданға келген меймандардың бәрі аялдап, Қадыр ақынның ескерткішіне тәу етеді. Елдің сүйіктісіне айналған «Менің жүрегім – Жымпиты» композициясы да осы жерде. Сәп-сәнді, гүлмен, жасыл желекпен көмкерілген алаңның  ажарын тайдырып тұрған бір ғимарат бар.  Ол – мәдени-спорт кешені. Әбден тозып, ескірген спорт нысанының бүгінде Қадыр алаңындағы қадірсіз ғимаратқа айналып тұрғаны өтірік емес.

 спорткомплекс (10)

Жымпитыдағы мәдени-спорт кешені 1978 жылы «Самал» кинотеатры ретінде салынып, пайдалануға берілді. Кейін кинотеатрдың жұмысы тоқтаған соң, ғимарат 2011 жылы мәдени-спорт кешеніне бейімделіп, ауданның спорт саласының дамуына үлес қосып келетін шаңыраққа айналды. Ғимарат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне, кейін «Қайсар» спорт клубына тиесілі болды. 2016 жылдың  24 қарашасында мәдени-спорт кешенін күрделі жөндеу жөнінде жобалық-сметалық құжаттары жасалған болатын. Күрделі жөндеу үшін қаржы сұралып келеді. Жоба құны 55 млн. 668 мыңды  қажет етіп тұр. Биыл күрделі жөндеуден өтпесе, үш жылға жасалатын  жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтіп кетеді. Біздің дабыл қағуымыздың да себебі – осы!

спорткомплекс (3)

Бүгінде күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған ғимараттың жайынан аудан, облыс басшылығы хабардар.

Сырым аудандық  мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісовке осы мәселе  жөнінде арнайы барып, есігін қақтық.

 –  Мәдени-спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қомақты қаржыны біздің ауданның  бюджеті көтермейді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына арнайы хат жазылып, қаржы сұралды. Хатымызға келген жауапта біздің ауданда 2015 жылы салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені  басқа аудандарда да салынуы тиіс, қаржы басқа аудандарға денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін жұмсалатыны айтылған. Облыс әкімінің халыққа есеп беру кездесу жиындарында  да бұл мәселе көтерілді. Жуырда облыс әкімінің орынбасары М.Сатқанов ауданға іссапармен келгенде де мәселенің мән-жайына қанықты,- дейді С.Нұрпейісов.

спорткомплекс (6)

Бүгінде мәдени-спорт кешені ғимаратында «Қайсар» спорт клубы орналасқан. Ауданның бұқаралық спортын дамытуда «Қайсардың» атқарып келетін үлесі зор. Қай мереке, шара болмасын «Қайсардың» спорттық ойындарынсыз өтпейді. Ұлттық ойындар, ат спорты, жастар, мекеме қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, әйелдер, ардагерлер арасында үзіліссіз жарыстар, турнирлер өткізіп келеді. Мейрам сайын сайын авто, велошерулер өткізуді де үрдіске айналдырды. Қыс мезгілінде Қадыр алаңындағы мұз айдынында тұрғындардың  күнделікті конькимен сырғанап, демалуын қамтамасыз етті. Шаңғы жарыстарын ұйымдастырды. Тұрғындарды таңертең ертемен жүгіруге де шақырып,  салауатты өмір салтын қалыптастыруларына септігін тигізіп келеді. Кешқұрым жастар, мекеме қызметкерлері мұнда үстел теннисі, тағы басқа ойындар ойнауға жиналады. 2018 жылы  спорт клубы  382 шара  ұйымдастырып,  12 365 адамды қамтыды.

Осы жерде, Жымпитыда су жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені бар емес пе, тағы бір спорт кешені не үшін керек? – деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұраққа өзінің пікірінде белгілі жаттықтырушы, ардагер спортшы, Сырым колледжінің директоры Санат Берсебаев жауап берді.  (пікір төменде берілді)

спорткомплекс (9)

Жаңағы сұраққа біздер де жауап іздеп көрдік. 2015 жылы салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде көбінесе ересектер шағын футбол, баскетбол, волейбол ойнайды. Дене-шынықтыру  сауықтыру кешені орталықтан алысырақ, ауыр жүк көліктері толассыз қозғалыста болатын күре жолдың бойында болғандықтан,  «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» тәрбиеленушілері мәдени-спорт кешенінде жаттығады. Бұл жер орталықта, көлік қозғалысы  да аздау, қыстың суығында да  келіп-кетуге балғын  спортшылар үшін қолайлы. Ата-аналар  да балаларын жаттығуға алаңсыз жібере алады. Мұнда күніне бокс,  самбо, дзюдо, қазақша күрестен 70-ке жуық ұл-қыз жаттығады. Жас спортшылар облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүр. Оған біздің «Сырым елі»  газетінде апта сайын жарық көретін жеңімпаз, жүлдегер спортшылар  туралы ақпараттар куә.

«Қайсар» спорт клубының директоры Ерболат Мұқановтың айтуынша,  мекеме қыста кішкентай балаларға ызғар, дұрыс жылынбайды. Терлеп-тепшіп, жаттығып, денсаулығымызды нығайтамыз деп жүрген оларға суық тиіп қалуы мүмкін. Киімдерін ауыстыратын бөлме де салқын. Терезелері түгелге жуық әйнектері сынып тұр, ашып жөндеуге келмейді. Ашса, әйнектері шашылып қалады. Жылы болсын деп скотчпен жамап қойған. Ағаш едендердің де тозығы жеткен. Жаздың осынау аптап ыстығында дәліздің бір терезесі «Жаңа жылыңыз құтты болсын!» деген үлкен плакатпен жабылып тұр. Жаңа жыл тойланғалы қашан?! Көрген кісі шынымен таңғалады, күледі, жаздың ортасында «Жаңа жылыңыз құтты болсыны несі?» деп. Ал ол плакат,  әйнектің, терезенің көзінің рөлін атқарып тұрғанын кім білсін!

IMG_0583

  – Жылы жүйесі түгелдей жаңадан ауыстыруды қажет етеді. Тренажер залына арнайы бөлме бөліп, құрал-жабдықтарымен қамту да ойда бар. Ғимараттың алдын кеңейтіп, жалғап, оны да игі мақсатта пайдаланып, бір керегімізге жаратқымыз келеді. Үстел ойындарына арналған арнайы бөлмелер де жоқ. Жаттығудан соң, қабылдайтын міндетті түрде душ болу керек. Кәріз жүйесін орнату қажет. Күрделі жөндеу жүргізілсе, бірқатар мәселе шешілер еді. Ғимарат 2001 жылы мәдени-спорт кешеніне бейімделіп берілгенімен, спортшылар толық үшін жағдай жасалмаған,- дейді Ерболат Наурызбайұлы.

спорткомплекс (4)

Мәдени-спорт кешені, яғни, «Қайсар» спорт клубының ғимараты  үш қабатты. Спорт залы,  киінетін бөлме, қойма, кеңселік бөлмелер орналасқан. Жалпы алаңы 764,1 шаршы метрді құрайды. Жыл сайын әктеу, сырлау сынды ағымдағы жөндеу жүргізіліп келеді. Әйтсе де, бой көтергеніне 41 жыл болған ғимарат  ағымдағы жөндеуді жұғын көрмейді. Күнделікті сынық терезені, көктемгі, жаңбырлы күндері су ағып тұратын төбені жамап, қабырғаның құлаған жерін әктеу қашанғы жалғассын? Сөйтіп тесік біткенді жамап жүргенде даңғарадай ғимарат мүлде пайдасыз қалып, апатты жағдайға  ұшырамасына кім кепіл?

Санат Берсебаев, жаттықтырушы, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі төреші, Сырым колледжінің директоры:

Санат Берсебаев

 –  Сырым колледжіндегі басты мәселенің бірі – спорттық залдың жоқтығы. Сондықтан колледждің спорттық сабақтары мәдени-спорт кешенінде өтіп келеді. Бұл жөнінде зал иесі мен білім беру мекемесі арасында келісімшарт бар. Студенттерден бөлек, педагогтар да аптасына 2-3 рет осы залға барады. Қоғамның күн тәртібінде – халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту мәселесі тұр. Спорттық нысандардың сырты адамның спортқа деген ниетін оятатындай ажарлы, ал іші шынығу қолайлы болуы керек. Өкінішке орай, мәдени-спорт кешені бұл екі талапқа да жауап бере алмайды. Соңғы жылдары сырымдықтардың, соның ішінде жастардың спортқа деген көзқарасы қатты өзгерді. Ел ынталы түрде спортпен айналыса бастады. Аудан орталығындағы су жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені түнгі сағат 00:00-ге дейін спортшылардан босамайды. Спортшы ретінде аудан орталығында тағы бір спорт нысанына зәруліктің бар екенін байқап жүрмін. Кешен жөнделсе, келушілердің, сол арқылы бұқаралық спортпен айналысушылардың артатынына сенімдімін. Әрі ауданға аса қажет армрестлинг, кір тасын көтеру үйірмелерін ашуға да мүмкіндік туар еді.

 

Нұрымжан Ғаббасов, самбо және дзюдо күресінен  спорт шебері,  Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері:

Нұрымжан Ғаббасов (1)

 –  Батырдың елінде туып-өскен  ер азаматтың спортқа деген құштарлығы, палуандық қасиеті, батырға тән табиғаты  болмауы мүмкін емес сияқты.  Мен де жастайымнан күреске бейім болдым. Мектеп жасымда  ауылдағы мәдени-спорт орталығында жаттықтым. Ол кезде онда «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» орналасқан еді. Жаттықтырушым Ержан Чукуровпен бірге биік белестерді бағындыра алдық. Самбо және дзюдо күресінен  спорт шебері,  Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері атандым. Спорттан әлі де қол үзген емеспін, сүйікті залыма  бас сұғып тұрамын. Ауданымызда ізімізден еріп келетін жас палуан өте көп. Өсіп келетін жас буын заманауи, талапқа сай жаңа, әдемі, жылы, барлық жағдайы жасалған залда  жаттықса екен деймін. Талай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, мықты деген жаттығу залдарын көрдім. Мен деген спортшылардың бәрі Сырым ауданынан шыққан, сондықтан  ауданның жас спортшылары дайындалатын залы да осал болмауы тиіс.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале