2.05.2017, 12:21
Оқылды: 83

Қадыр оқулары өз мәресіне жетті

????????????????????????????????????

   Сырым ауданында алғаш рет І аймақтық Қадыр оқулары оздырылды. Аталмыш байқауға Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысынан 40-қа жуық өрен қатысты.


   Заманымыздың заңғар ақыны, жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің құрметіне орай ұйымдастырылған байқау үш бағытта өткізілді. Шараны өткізудегі басты мақсат – қазақ поэзиясында сыршылдығы мен сыры мол, суреткерлігі мен ойшылдығы қат-қабат келіп жататын, өлең өлкесінде өшпес мұра қалдырған ұлы ақын Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін бүгінгі ұрпаққа насихаттау дейді ұйымдастырушылар.

   Дарабоз ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли атындағы І аймақтық Қадыр оқуларының «Сөздің бәрі құдіретті...», яғни Қадыр шығармаларын жатқа оқу бағыты бойынша бас жүлдені Сырым ауданы, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Асылгүл Шаужан иеленді.

   Ал «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» кезеңінде ақын сөздеріне жазылған әндерді орындау бойынша бас жүлдені Ақтөбе қаласы, №32 орта мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Айхат Едіге жеңіп алды.

 «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін...» кезеңінде қатысушылардан Қадыр Мырза Әлиге арналған өз шығармаларын оқу талап етілді. Бұл сында Атырау облысы, Индер ауданы, Махамбет атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Дильназ Борисова бас жүлдені қанжығасына байлады.

   Байқауда басқа қатысушыларға қарағанда оқ бойы оза шапқан Тасқала ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы ЖББОМ 6 сынып оқушысы, байқаудың ең жас қатысушысы Қасымжомартәлі Ғазезге Сырым ауданы әкімдігінің арнайы сыйлығы - ноутбук табысталды.

   Байқауды қорытындылаған аудан әкімі Абат Шыныбеков жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, ақынның жары Салтанат апамызға «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Мұса Сұлтанғалиевтің майлы бояумен салған Қадыр ақынның портретін сыйға тартты.

                           Үміт Жәңгірова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале