2.03.2018, 10:50
Оқылды: 24

Қайырымдылық дүкені ашылды

Алғыс айту күніне орай Зеленов ауданының Белес ауылында «Мейірім-добро» қайырымдылық дүкені ашылды. Шараға аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Байрамова қатысып, халықты айтулы мерекемен құттықтады.

Мейірім шуағы төгілген мереке күні ұйымдастырылған шарада ауыл халқын округ әкімі Бекзат Бадақов құттықтап, қайырымдылық дүкенін ашу мақсатымен бөлісті.

–Ассамблеяның құрылған күні 1 наурызды алғыс айту мерекесі деп белгілеу қоғамның ынтымағын арттырып, өзара сыйластығымызды бекемдей түспек. Биыл үшінші мәрте аталып отырған жаңа мереке қарсаңында ауыл халқының белсенді атсалысуымен қайырымдылық дүкенін іске қосуды жөн көрдік. Киім-кешек, ойыншық, өзге де үйдегі қолданылмайтын дүниелерді өзге жандарға ұсынуды мақсат еткен дүкеннің ашылуына аудандағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық мұрындық болуда. Ауыл халқының әкеліп тапсырған артық заттары өзге тұрғындар үшін қажет болары сөзсіз, - деген ауылнай қоғамдық негізде жұмыс жасайтын дүкен тауарының тегін таратылатынын жеткізді.

– Менің үлкен әжелерім туған жерден қуылып, сары шұнақ аязда қазақ даласына қандай жағдайда келгендіктерін айтып, жылап отырушы еді. Бұл жалғанда қазақтан асқан қонақжай, мейірбан халық жоқтығын санамызға сіңіріп, осы елдің игілігіне қызмет қылуға тәрбиеледі. Өзінің тар үйіне бөгде отбасын паналатып, бүтін құртын бөліп берген халықтың алдында бас иеміз, - деп тұрғындар атынан сөз алған еңбек ардагері Наталья Хорошкина мерекенің мәні халықты адамгершілікке үндеу екендігін айтып, әулеті бастан кешірген ауыр тағдыры туралы толғады.

Әдемі әнмен әрленген шара соңында тұрғындар үйдегі артылған дүниелерін қайырымдылық дүкеніне тапсырып, мұқтаждық көрген жандарға үнемі қол ұшын беруге уағдаласып жатты.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале