22.01.2021, 10:29
Оқылды: 170

Қайырымдылық жылы жүректен шығады

«Адамның күні адаммен» деп бекер айтпаса керек-ті. Жалпы, ата-бабамыздан қалған асыл сөздердің астарында үлкен мән жатыр. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіле білген жан, кейін оның тегіннен-тегін айтылмағандығына көз жеткізеді. Соның ішінде «қайырымдылық» деген ұғымның орны ерекше. Ол – жақсылықтың нышаны. Береке мен бірлікті ту еткен адамдар ғана бір жерден табылып, бір ауыздан қайырымдылық істерді атқарып жатады. Сүйсінесің...

0A9579FB-BCD4-42F2-B379-1630EAE3CBAD

Жоқтық жомарттың қолын байлайды» демекші, қолында жоқ болса да, бар адамдардың басын біріктіріп жүреді. Өзінің бар жиған-терген абыройын ортаға салып, құлшыныспен игі істерге араласады. Ал көшбасшыға ілескен топтың қайырымдылық істеріне ел сүйсініп, батасын беріп жатады. Жақсы емес пе?! Жалғыз жүріп те біршама игі істерді атқарып жүрген азаматтар бар. Тасқала ауданында «оң қолым бергенін, сол қолым білмесін» дейтін жандар да табылып жатады. Дегенмен жастардың қайырымды іске жұмылуынан, қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің болашағына деген үміт оты оянғандай сезіледі. Көмек сұраған жандардың тауын қайтармай, керісінше қанатының астына алып қамқорлық көрсетуі қазағым үшін дәстүрге айналған дүние емес пе еді?..

Аудан көлемінде қайырымдылық шараларының басы-қасында жүретін азаматтардың барын естідік. Өздерін жариялап, құр мақтанға ілескенді жандары сүймейтінін де білеміз. Бірақ көз алдымызда талай жақсылықтың куәсі болып, аз қамтылған отбасылардың қамқоршысына айналып келе жатқан азаматтарды «неге газет беттеріне жарияламасқа?» деген ой келді. Ақыры бүгін солар жайлы бірер ауыз жақсы сөздерді қағазға түсіретін сәт туды.

Бұрын еш жерде жазылмаған...

Олар жайлы бұған дейін еш жерде айтылмаған да, жазылмаған да. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2018 жылдың Рамазан айы кезінде бастау алған қайырымды жігіттердің әлгі шаруасы әлі күнге жалғасын тауып келе жатқанын көзіқарақты оқырман байқап жүр. Сол жылдары «Берекет» қайырымдылық қорын құру туралы Самат Ғайнуллин деген ауыл азаматы айналасындағыларға ұсыныс айтқан екен. Өзі мәдениет қызметкері. Яғни, халықтың ортасында көп жүретін адам. Сол аты аталған бауырымыз ұялы байланыстағы «WhatsАpp» желісі арқылы топ ашып, мейірбан жігіттердің басын қосқан еді. Ол кезде тек аталған топта жиырма шақты адам болатын. Содан кейін оның қарасы көбейіп, жұмыстары алға басқан көрінеді. 2018 жылы Рамазан айы кезінде өздерінің айтуы бойынша миллионға жуық қаражат жиналыпты. Жиналған ақшаның өз мақсатына жұмсалуы үшін топтағы азаматтар күн сайын ақылдасып отырады екен. Алдымен аз қамтылған отбасыларға, одан қалса басқа да топқа жататын адамдарға көмек қолын созуды жолға қойыпты. «Мектепке жол» акциясы кезінде де қолдарынан келгенінше көмектесіп тұрады. Әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалға: тамыз айларында мектепке баратын оқушыларға киім-кешекпен көмектессе, Ораза уақытында құрбан шалып, тегін ет таратады. Осы жерде бір айта кететін жәйт, қазіргі таңда «Берекет» қайырымдылық қорындағы жігіттердің саны 150-ден асқан көрінеді. Яғни, қайырымдылыққа бет бұру жағы аудан көлемінде қарқынды екені байқалады. Осы қайырымдылықты қолға алған шақта ауыл жігіттері бірауыздан қолдап кеткен көрінеді. Арасында қолдамағандары да болыпты. Бірақ олар ашылған бетте бірден арқасын көрсеткен. Қалғандары ептеп қолға алған шаруаларын жасап, қойған мақсаттарына жетуде. Бұның өзі керемет нәрсе деп ойлаймын. Қайырымдылықпен айналысып жүргендердің жасы 25 пен 35 жас аралығындағы тасқалалықтар екен. Осы шаруаларды атқару кезінде азаматтармен иық тіресіп жүрген нәзік жандылар да кездеседі. Олар да қолдарындағы барын беріп, қайырымдылықтан қалыс қалғысы келмейді. Ішінде шағын кәсіпкерлер де бар. Мақтаарал суға кеткен кезде ел болып көмектесіп жатты. Оқыстан келген оқиғаға тап болған бауырларымызға көмек қолын созуды "берекетшілер" де қалт жібермепті. Жүк көлігіне тиеп, сол бойда Мақтааралға жөнелткенін көзіміз көрді. Оған барлық тасқалалықтар да үлес қосқанын тілге тиек еткен жөн. Өткен жылы аталмыш қордың ұйымдастыруымен «Тасқала жүрегім» аллеясы салынды. Қазіргі таңда өздеріңіз байқағандай, шамдары жарқырап, ауылымызға сән беріп тұр. Аталмыш қордың негізгі мақсаты көпбалалы отбасыға, жалғызбасты әке-аналарымызға және аз қамтылған отбасыларға көмектесіп, олардың көңіл күйін көтеруге атсалысу. Бүгінде апта сайын аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүргенін естіп және қуандық. Қолдарындағы тізім бойынша кезекпен апарып тұратынын аталмыш қордың мүшесі Әли Қабидашевтың өз аузынан естідік.  

«Қиын кезде де бұғып қалмадық»

Жалпы, қайырымды болу қазақ халқы үшін жаңалық емес. Бірақ сол үрдісімізді кенже қалдырмай, жақсылыққа ұмтылып жатқанымыз қуантады. Қайырымдылық жасар кезде жерлестерімен ақылдаса отырып, ортақ шешімге келіп алып көмектеседі екен. Пандемия кезінде аудандық ауруханаға дәрі-дәрмек жағынан да көмегін тигізген. «Қиын кезде бұғып қалмадық», – дейді олар. Айтпақшы, осы жаман індеттің өршіп тұрған шағында қайырымды жандардың қатары көбейді. Бірі азық-түлікпен қамтамасыз етсе, енді бірі оттегімен көмектесті. Тіпті күнделікті кезекшілікке тұрып, өз үйін айлап көрмей, аяғынан тік тұрып, науқастардың жанынан табылған медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізгендері де болды. Бұның өзі көзге көрінбегенімен, айтуға тұрарлықтай шаруа. Себебі адамдардың бір-біріне қысылтаяң кезде әбден қажет екені рас. Міне, қайырымды жандар да сол кезде қиналғандардың жанынан табыла білді. Аты жаман ауруды бір жағынан медицина қызметкерлерінің көмегімен жеңіп шықты десек, енді бір жағынан қайырымдылықтың арқасында еңсердік деп айтуға әбден негіз бар.

Елдігімізді көрсетейік

«Бұның бәрін мақтанышпен айтып отырғаным жоқ. Керісінше, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа немесе өзіміз сияқты адамдарға үлгі ретінде жеткізгіміз келеді», – дегенді алға тартады қайырымды жігіттер. Болашақта «Берекеттің» жұмысын қарқынды түрде жүзеге асыруды көздеуде. Қазірдің өзінде берекетке атсалысып жүрген жігіттердің ой-ниеттері бір жерден шығып, елдігімізді паш етуде. Құрылған кезден бастап үздіксіз ауылға қызмет етіп келе жатқан азаматтардың ісі өзгелерге үлгі болсын. Өткен жылы Мереке ауылындағы көпбалалы отбасыға асарлатып үй алып бергенімізді барлығы да естіді. Баршасы да қуанды. Сол жақсылыққа да атсалысып, өздерінің мәрттіктерін көрсеткен осы «Берекет» қорының азаматтары. Кез келгеннің қолынан келе бермейтін жомарттықты кейбір жерлестеріміз ойланбастан жасауда. Қайырымдылық деген біреуді кемсіту немесе өзгені мүсәпір етіп көрсету деп түсінбеуіміз керек. Әр адамның басына әртүрлі тағдыр жазылатындығы өмір заңы. Сондықтан шынайы қиналған жандарға қолұшын созуды әбестік санамай, керісінше қайырымды жандардың санын көбейтіп, қолымыздан келгенше жәрдемдескеніміз абзал.

Әсет Баян,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале