27.10.2020, 10:07
Оқылды: 721

«Қамшының төресі – тобылғы саптысы»

«Арғымақтың баласы аз оттар да, көп жусар, Азамат ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар» деген Махамбет сөзін жан-дүниесі табиғат әлемімен үндесіп кеткен тау ұланы, дала қазағы, ардақты азамат Ұлан Сайтмұқаевқа қаратып, туралап айта беруге болады. Атам қазақ «Жақсыны көрмекке» деген, Теректі ауданының орталығына ат басын тіреп, Ұлан Жанботаұлымен  дидарласудың сәті түсті.
A1E2A8E9-A331-4969-91D2-AED85C2E8C4D

Жиырма жылдан астам уақыт Теректіні мекен етіп келе жатса да, Ұлағаң десе, көз алдыма тау сілемдері елестейді. Оның өзіндік себебі бар, бірде жалпақ дала жоны мен Жайық бойын аралап, біз біліп тани бермейтін табиғаты көрікті жерде серуендеп жүргеніне куә болсақ, енді бірде Алатау баурайындағы жақпар тас, қарауытқан құзарт шыңдар қасында емін-еркін атқа мініп келе жатқанын әлеуметтік желілердегі фотосуреттерден көзіміз шалып қалады. Теректі ауданындағы қазынашылық басқармасын басқаратын Ұлан Сайтмұқаевтың көкірегі қазына, сөзі сара екенін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Салт-дәстүр, жөн-жоралғыға жетік, болмысынан қазақылықтың исі аңқып тұратын, ақ көңіл, адал азаматтың қолөнер шеберлігінің өзі бір әлем. Әсіресе ежелгі ата кәсіп, қазіргі ұрпаққа таңсық болып көрінетін қамшы жасау өнерінің кәнігі маманы.

1E581CB0-46C8-449C-A580-9B8EE031578B

Ата тәлімі, баба қасиетін көкірегіне сіңіріп өскен Ұлан Сайтмұқаев – қасиетті Жетісу қазағы, түпкі тегі – Ұлы жүздің Суаны екенін тәптіштеп жазып қоялық. 1977 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы облысы Ақсу ауданының орталығы, ақиық ақын Ілияс Жансүгіров атындағы ауыл – балалық шағының куәсі. Тарихи аймақ болып есептелінетін аудан аумағындағы Қапал тауының етегі – Төле бидің жаз жайлауы болған. Біржан салмен айтысқан ақын Сара да осы өлкеде өмір сүрген. Алматы облысы – сулы, нулы, таулы аймақ. Сондықтан Ұлан аға Іле Алатауы, Жетісу Алатауы, Текелі ойпаты, Алтынемел асуының тарихы мен табиғи ерекшелігі туралы таңнан таңға жалғап, тамылжытып әңгіме айтуға бар. Кейіпкеріміздің әкесі Жанбота Ақсу ауданында еңбек етіп, шаңырақ көтеріп, тұрақтап қалған. Жазғы демалыста балалары Панфилов ауданы (орталығы Жаркент қаласы) Ақжазық ауылында тұратын атасы Сайтмұқаға барып, бау-бақша өсіруге қолғанат болған.

360E618C-D11D-4384-8F4B-5D83400301F8

– Арғы бабам Бейісбек, одан Ахмет, одан Сайтмұқа, одан әкем Жанбота ұрпағы тарады. Ахмет бабам – зергерлік пен ұсталықты тең ұстаған адам. «Ат әбзелдерін жасағанда ақысына бай-сұлтандар керегеге екі құлынды биені қатар байлап кететін. Бәйбішеге арналған ер-тоқымды алтынмен, байларға арналған ер-тоқымды күміспен көмкерген» дейтін көз көргендер. Бейісбек бабам бағбан болған, алма ағашын еккен. Жаркент өңіріндегі Әулиеағаш ауылы маңында Бейісбек бағы деген жер бар. Әлі күнге солай аталады. Атам Сайтмұқа ағаш шапқан, жылқы баққан, бүркіт ұстаған. Саятшылық құрып, аң аулаған. Сайтмұқаның інісі Сейітқожа көрік қыздырып, темір балқытып, өмір бойы совхоз ұстасы ретінде тер төкті. Орта жүз Найманының Матай руынан тараған нағашы атам Мұхамедияр арабша хат танитын, киімін мұнтаздай қып таза ұстайтын, қатал мінезді, қабағы сұсты кісі болды. Нағашы атам – тазы баптаған кәнігі аңшы. Қансонардан олжалы оралатын. Қанжығасы майлы еді. Тәжірибелі аңшы ретінде атырапқа аты шықты. Қолы да өте шебер-тұғын. Ер-тоқым шапты, қайыс иледі, қамшы жасады. Ағаштан тостаған, зере, күбі, келісап дайындады. Бүтіндей ағаштан найман ер шапқанын көрдім. Найман ердің алдыңғы қасы жарты ай пішінді болып келеді. Сондықтан ел ішінде айбас ер деп те атайды. Найман ерді күміспен әдіптейді, – деді Ұлан Сайтмұқаев.

F767B323-5DE9-481F-AEAD-CCB507C9A7CD

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кеткені белгілі. Осы кезеңде Алматы аймағы қараған Талдықорған облысы тарады. Ауыл-аймақ экономикасы құлдырады. Жас жігіт Ақ Жайық өңіріне жол тартады. 1997 жылдың қаңтар айында Батыс Қазақстан облыстық қазынашылық департаментіне  қызметке орналасты. Ата-анасы да бірге қоныс аударды. Ұлан Сайтмұқаев 2005 жылдың мамыр айынан бері Теректі аудандық қазынашылық басқармасының басшысы болып қызмет етіп келеді. Асыл жары Құндыз Қайратқызы аудандық экономика және қаржы бөлімінде бас маман қызметін атқаруда. Тату-тәтті, өнегелі отбасы Айжан, Әмина, Мәдина есімді үш қыз тәрбиелеп отыр.

8B978C43-5B00-4CC7-B876-208543C65C53

Ұлан аға ата ұлағатын ұмытқан емес. Жауапты қызмет атқара жүріп, ата кәсіп – қолөнерден қол үзбеді. Он саусағы бала күнгі ғадетінен жаңылмайды. Өзінің айтуынша, бір қамшыны дайындауға орта есеппен 7-8 сағат уақыт жұмсайды. Екі-үш күн жүріп, қолы қалт еткенде, әр бөлшегін асықпай ойластырып та жасайды. Қамшының құрамдас бөліктері – сап, бауыр, өрім, алақан және бүлдірген, әрқайсының дайындалу тәсілі бөлек. «Тобылғыны қыстыгүні кескен дұрыс. Жаздыгүні кесілген тобылғы жарылып кетеді. Тау тобылғысы мен дала тобылғысы бір-біріне ұқсамайды. Алатау бөктеріндегі тобылғының қабығы қалың, жуандығы білектей. Тіпті Күнгей Алатау мен Жоңғар Алатауы тобылғыларының түсі бөлек. Бірі көмірдей қара, бірі қан қызыл, енді бірінің түсі сап-сары. Ал далада өсетін тобылғылар жіңішке, түсі қызғылт, қабығы жұқа болып келеді. Қамшы сап жасарда тобылғыны асықпай жуып, тазалап, кейін шемішке майды сіңіріп жағамын. Одан кейін бабына келтіре отырып, отқа қыздырамын. Жалын әсерінен тобылғының пішіні өзгеріп, жыланша ирелеңдей бастайды. Сол кезде оқтай қылып түзетуге кірісемін. Кей тобылғыны араға уақыт салып, отқа қыздырып барып, бірнеше рет түзетуге тура келеді. Сондықтан тобылғының түзу біткенін таңдап кесуге де қырағылық керек», – деді Ұлан Сайтмұқаев.

996C54A3-34DF-43CA-ABA3-9B6C93CE7275

Ол қамшы сабын еліктің сирағынан да жасайтынын айтты. Отыз жылдан бері сақталған елік сирағын екінші қамшыға сап қылып, қызына тарту етіпті. «Қамшыны жасарда шебердің ой еркіндігіне шектеу қойылмайды. Киік мүйізі де сапқа жарамды. Қамшыны толық қайыстан өретіндер бар. Оны «Былқылдақ қамшы» деп атайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша қамшыға қызыққан адам әдеп сақтап, иесінен көзі түскен бұйымға қолқа салады, тіпті «Берсе, жолынан, бермесе, қолынан» деген қағидамен сұраусыз алып та жүре береді. Осылай өзімсініп кеткен адамның қылығы ерсі саналмайды, жолын бөгеп, жетегіне жармасу қазақ салтына қайшы. Сондықтан былқылдақ қамшыны киімнің ішкі қалтасына бүктеп салып алуға болады. Бірақ қамшының төресі – тобылғыдан жасалғаны деп есептеймін. Ұзындық өлшеміне қарай сараласақ, қазақ алты тұтам қамшыны мал айдау үшін қолданады. Салт аттылар көбіне бес тұтам қамшы ұстайды. Жаркент жағында үш тұтам қамшы ұстау сән. Ат үстінде келе жатып, жылқыны сауырынан не төсінен сәл қамшылап қана қойған дұрыс. Ал жақсы ат қамшы салдырмай-ақ жүреді. Қамшы таспасын домалақ түрінде не төртбұрышты етіп өруге болады. Он екі таспадан жуан қамшы да жасалады. Ең көп тарағаны – 6-8 таспадан өрілгені. Жауынгерлік заманда қолы қарулы адам ебін білсе, қандай қамшымен болмасын, дұшпанын сілейтіп салатын болған. Елік сапты қамшыны ерлер ұстамайды. Себебі жолы ауыр болады деген түсінік бар. Қамшының бүлдіргісіне қарап, ер немесе әйелге арналғанын бірден білуге болады», – деді Ұлан Сайтмұқаев.

B330FB83-58EF-4179-8231-8D90BAFF7A4A

Шебер қолынан шыққан қамшылар көз сүйсінтеді. Кейбірінің қайысын қатыққа илеп жасаған екен. Қамшының өн бойынан жұпар аңқиды. Қазақ үшін қамшы – қару. Қамшы – айбар. Қамшы – салт-жоралғы. Ұлағаң сап пен өрім жалғасқан тұсындағы «алақан» деп атаған бөлікке ру таңбасы салынатынын түсіндірді. Жетісу өңірінде Суан елі қосу таңбасын салады. Бұл белгі әлемнің төрт құбыласын білдіреді. Ал Албандар бір сызықпен «жол салады». Ұлан Сайтмұқаевтың тағы бір өнері – қылқаққыш жасайтыны. Бұрын ақсақалдар қылқаққышты шыбын-шіркейді жасқайтын желпеуіш ретінде қолданған. Қылқаққыш қылына жылқының құйрығын, сабына омыртқасын шикізат ретінде қоланылады. Соғымға сойылған жылқы омыртқасын тұзды суға салып, кептіріп, сыртын қаптап, бүлдіргісін тағады. Қыл құйрықты киім-кешек тазартуға арналған ұнтақпен суға жуып, тарайды.

Ұлан Жанботаұлы – бойына сан алуан өнер тоғысқан адам. Жайықтан Жетісуға дейін қанша мәрте жол салса да, қазақ атырабының сұлулығына көзі тойған емес. «Тау баласы тауға қарап өседі» деп Табылды ақынның жырлауы бекер емес. Түз адамының барлық дағдысын меңгерген, ат үстінде қаққан қазықтай берік отыратын, тақымы мықты Ұлағаң Батыстың далиған даласын жортып жүріп кезіп, тау-тас пен өзен-көл сырына қаныққан. Теректінің талай тобылғысы шебер қолына түсіп, қамшыға айналды. Ұлан ағаны көпшілік жігіт мырзасы, жайсаң жігіт деп таниды. Қамшысын аттай қалап, сұрап әкететіндер де бар, кей ел азаматтарына шебер өз қолымен сыйлап та жатады. Ұлттық құндылықтарды ұлағаттайтын Ұлағаң – қазақ руханиятындағы жоқты түгендеп жүрген адамның нақ өзі. Сөзіміз құрғақ болмас үшін Теректі ауданының тұрғыны Рауан Сатыбалдиевтың мына жүрекжарды пікірін ортаға салып отырмыз:

– Адам есейген сайын материалдық құндылықтарға деген қызығушылығы азайып, рухани жақын жандарды іздей бастайды екен. Сыртынан өнері туралы естіп, қаймағы бұзылмаған қазақы болмысына тәнті болып жүрген азаматтың бірі – Ұлан ағам болатын. Тәңір айдап Теректі ауданына қызметке келдім. «Адамның басы – Алланың добы» деген осы. Көп ұзамай Жаннұр досым Ұлан ағамызбен таныстырды. Аз-кем әңгімелестік. Кешкісін Ұлан ағам досыма қоңырау шалып, шаңырақ көріп, дастарқаннан ауыз тиіп кетуге шақырыпты. Жұмыс аяқталған соң, екеуміз аға үйіне тарттық. Үй иесі жарты жолда өзі қарсылап алды. Басына мақпалмен көмкерген қазақы тақия киіп, сабын қайыспен құрсаулаған қылқаққыштың бүлдіргісін қарына іліп келе жатқан қазақ азаматын Федоровкадан кездестіремін деп ойламаппын. Қылқаққыш түгілі, сегіз өрмелі қайыс қамшыны көрудің өзі экзотикаға айналғалы қашан! Еркектің қазақы нақышта киінуі былай тұрсын, иленген қайыстың өзін этномәдени орталықтар мен мұражайдан ғана көретініміз рас. Ағамыздың үйінің іші мен тұрмыс салты нағыз қазақы салтпен үндес екен. Соңғы киізді бала күнінде байпаққа ұлтарақ қылған біз үшін қабырғасына оюлы текемет, аң терісі мен сан түрлі қамшы және домбыра ілінген қазақи қалыптағы бөлме ішін көру мұражайды тамашалаудан кем болмады. Ағаш тостағаннан қымыз іштік. Құндыз жеңгеміздің палауының дәмі тіл үйірді. Отағасы үшін лауазымын айтып, дүниеге мастану, көлгірсу ғадеті мүлдем жат. Терең парасат-пайым иесімен керемет рухани отырыс болды. Қайтарда бурыл түсті қылқаққышты тарту етті. Әкем жасым 18-ге толғанда «Табиғи болмысыңнан ажырама» деп мылтық әперген болатын. Содан бергі алған ең бағалы сыйлық осы болды.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале