20.02.2020, 17:17
Оқылды: 1044

Қамыс шауып, табыс табуда

«Еңбек етсең, емерсің», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» дейді қазақ. Байыппен қарасаң, еңбекқор адамға бақыт та басын иеді екен. Байлық пен берекені қол жайып көктен емес, еткен еңбегінен іздейтін жандар арамызда жоқ емес. Сондай жерлестеріміздің бірі Жаңақала ауданының  Жаңақазан ауылы тұрғыны Ержан Тілепбергенов.

JANAKALA AUDANY

Кейіпкеріміз еңбекке ерте араласып, ата-анасына қолғабыс жасай білген азамат. Бозбала шағынан көл жағалап, қамыс шауып,   нәпақасын адал еңбектен тапқан. Оның ертеңнен кешке дейін бір тыным таппайтын тірлігіне жерлестері де сүйсіне қарайды. «Ердің атын еңбек шығарады» демекші, Ержанның есімі де бүгінде құрметпен ауызға алынады. Себебі, оның буған қамыстары әркез сұранысқа ие. Тіпті  оны көршілес Бөкей ордасы ауданынан іздеп келіп, қамысын сатып алып кететіндер бар.

-  Мен 1990 жылы Жаңақазан ауылында дүниеге келдім. 2008 жылы Мәжит Жүнісов атындағы орта мектепті бітіріп, 2009 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Содан бері ауылдамын.   Қыста қолым қалт етсе, қамыс шабамын. Жақсылап буып, көктемге қарай сатып, табыс табамын. Осы кезге дейін қамысымның өтпей қалған кезі жоқ. Жылына кем дегенде 1500-2000 дана қамыс сатылса, бір маусымда ең көп буғаным - 3500 дана.

Шүкір, қамыспен де табыс тауып, отбасын асырап, жағдайыңды жақсартуға болады. Тек қамыс шабудың да өзіндік қиындығы мен азабы жетерлік. Бұл істе саған ешкім уақтылы айлық әкеліп бермейді. Әрі қиындыққа шыдап, сабыр қылсаң ғана ісің алға басары  хақ, - дейді еңбекқор жас Ержан Исатайұлы.

                                                               Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

                                                                            Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале