13.11.2017, 15:13
Оқылды: 23

«Қамыстыда музей ашу кешіктірілмеуі тиіс»

IMG_0053Мәншүк Мәметованың туғанына 95 жыл толуына орай Жәнібек ауданы Қамысты ауылында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен  «Мәншүктің өшпес ерлігі» атты тарихи-танымдық кеш өтті.

Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев  Мәншүктің «1922 жылы 13 қараша күні Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Қамысты ауылдық советінде туғанмын» деп нақты көрсеткен құжаттың көшірмелерінің мазмұнымен жұртшылықты таныстыра келе, Ерденбек Ниетқалиев, Мәншүктей батырды өмірге әкелген ауылда музей ашудың кешіктірілмеуге тиісті жұмыс екендігін қадап айтты.

Е.Ниетқалиев атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі, Ерденбек батырдың туысы Еркінгүл Есенова болашақта ауылда Ерденбек пен Мәншүкке ескерткіш орнатылса, өлкемізден түлеп, еліміздің тарихынан өз орындарын ойып тұрып алған  жерлестеріміз туралы ауданның өлкетанушылары бірігіп кітапша шығарса деген ұсынысын, ауылдың еңбек ардагері Мақсұт Жақыбәлиев шарапатты кештің ұйымдастырылуына ризашылығын жеткізді.

Шарада аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов Жұмаев елді мекенінің оңтүстік-батысында, жеті шақырым қашықтықтағы Қандықұдық қыстағында құлаған кеңес ұшқышы ұшағының қалдығын болашақ музейге жәдігер есебінде тапсырды.

Қамысты  ауылы кітапханасының  белсенді оқырманы Сағындық Шөкешев «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасады. Мәдениет үйінің қызметкері Ақнұр Азаматованың сомдаған «Мәншүк» монологі көрермендердің көзіне жас үйірді. Талантты әнші Данабек Үмбетәлі «Поклонимся великим тем годам» әнін жүректерге жеткізе әуелетті.

Меңдігүл Фазылова

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале