24.01.2018, 11:31
Оқылды: 26

Қамыстылықтар ауыз судың ащылығын айтып отыр

zhanibek esepЖәнібек ауданы әкімі  Азамат Сафималиевтің елмен есептік кездесуі Қамысты, Тау ауылдық округтерінде өтті.

 

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Айша Кенжеғалиева ауылда  тұрғындардың арасында ауызбіршілік жоқтығынан дау жиі туындайтынын тілге тиек етті. Ауылға ауыз су келгеннен кейін жолдардың қопарылып қалғанын, оны түзеу үшін қажет техникалар жөнінде, фельдшерлік-акушерлік пункттегі жедел жәрдем көлігінің тоқтап тұрғандығы, пошта торабына төленетін үстеме комиссия сомасының мөлшері туралы мәселелерді айтты. Жиын барасында зейнеткер тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті бөлім басшылары жауап  берді.

Азамат Сафималиұлы ауылдың ішіндегі жолдарды тегістеуге қаржы ауылдық округтің әкімі аппаратына бөлінетінін айта келе, ауыл арасынан техникаларды өздері шығаруға мүмкіндіктері бар екеніне тоқталды.  Бірлікке шақырды. Сонымен қатар ауылдағы ұрлықтың көптігі де учаскелік полиция қызметкерінің жұмысының әлсіздігінен екенін ескертті.

Е.Ниетқалиев атындағы орта мектеп директоры Ербол Қуанов ауылға сырттан келген жас кадрларды қолдау, оларға бағыт-бағдар беру қажет екенін жеткізді. Зейнеткер Бұрхан Өтеғалиев те ауылға күні кеше келген ауыз судың ащылығы туралы уәжін, бөбекжай қызметкері Тоғжан Рүстемова ауырған кезде жедел жәрдем келмейтіндігін айтты. Аудан әкімі ауыз судың ащылығы тексеріліп жатқанын тілге тиек етті.

Аудан әкімінің тұрғындарға есеп беру  кездесуі Тау ауылдық округінде жалғасты. Таулықтар қоқыстан арылу, мал суаруға судың тапшылығы, интернет желісі, спорт алаңын салу туралы мәселелерді қозғады. Аудан басшысы Азамат Сафималиұлы қозғалған мәселелер алдағы уақытта қаралатынына уәде берді.

Ә.Қуанғалиева

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале