7.07.2020, 16:26
Оқылды: 535

Қамыстының түлегі Англияда білім алды

Кезінде Елбасының жастардың шетелде білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы уақыт өте еліміздегі адам капиталының жақсаруына әсер еткен бірден-бір сәтті жоба болды. Бағдарлама есебінен сан мыңдаған жас қазақстандықтар шетелдерде сапалы білім алып, қазірде елімізде әр салада еңбек етуде. «Болашақтықтар» бағдарламаның түлегі ғана емес, сапалы білім алып шыққан алдыңғы қатарлы жастардың тобы. Солардың бірі - Жәнібек ауданы Қамысты ауылындағы Е.Ниетқалиев атындағы орта мектептің түлегі Айжан Тықырова Англия еліндегі Манчестер университетін биотехнология және бизнес мамандығы бойынша тәмамдаған.

F3A13F7E-9133-4339-97E6-5BBE32C7AC80

-Оқушы кезімде биология пәнін жақсы көрдім. Ұстазым Аққу Нұрғалиева сабақты қызықты етіп түсіндіретін. Мұғалімнің сабақ түсіндірудегі шеберлігі әр құбылыстың болу себебіне үңіліп, биологияны сүйіп оқуыма себепші болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде биологияны таңдадым. Мектеп бітірген жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне биотехнология мамандығы бойынша грантқа түстім. 3-курста оқып жүрген кезімде менен 1-2 жас үлкендігі бар туыс әпкемнің «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болғанын естіп, бұл жайт мағанда қозғау салды. Іштей қобалжысам да, құжаттарымды тапсыруға тәуекел еттім. Елбасының жастарға әлемнің үздік университеттерінде тегін оқу мүмкіндік істегенін жақсы түсініп, бұл қолайлы жағдайды қалт жіберіп алғым келмеді. Тәуекел етіп, бағымды сынауға бекіндім. Қазақ және ағылшын тілі пәнінен емтиханнан өткен соң, білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуымен әңгімелесу ұйымдастырылды. Көп кешікпей оқуға жіберілетінім туралы хабар келді, - дейді ол.

8B760684-C5A6-4F2F-A28E-526B40F35A72

Айжанның алдында ең бірінші тілді меңгеру міндеті тұрды. Сондықтан Англияның Кембридж қаласындағы арнайы мектепте бір жыл бойына дайындық курсында ағылшын тілін оқып үйренеді. Тілді жетік меңгерген соң Манчестер университетінде өз мамандығы бойынша білім алады. Қазақ қызы шетелде өткен студенттік жылдардағы қызық пен шыжықты айтып тауыса алмайды.

-Шетелде өткен алғашқы айлар оңай болмады. Құлағым тілге үйренгенше әбден қиналдым. Үш-төрт ай өткен соң тілім де жаттықты, өзге тілге құлағым да үйренді. Англиядағы тағы бір үрдіс - олар бәрін ерте жоспарлайды. Мысалы, жатақхана алу үшін өтінішті төрт ай бұрын жазасың. Сондықтан алға қойған шаруаңа ерте қамдануың қажет. Бұған да қапелімде дағдылана алмадым. Мен білім алған Манчестер университетінде оқыту технологиялары өзгеше. Емтихан өз алдына, күнделікті сабақ кезінде біреудің жұмысын көшірсең оқудан шығарып жібереді. Әлі есімде, сол университетте оқитын бір қазақстандық танысым қолына формула жазып аламын деп оқудан шығып қала жаздаған. Университет қойған қатаң талап өзіме ғана сенетін қасиет қалыптастырды. Ұлы Абай айтқандай, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген қағиданы ұстанамын. Берілген тапсырманы уақытында орындау міндеті бәріне ортақ. Тіпті ауырып қалсаң да кешіктірмейсің. Бұл да өмірлік сабақ болды. Оқытушылар мен студенттер арасында дистанция орнаған. Оқытушылар басқа ғимаратта отырады. Оларға барып себеп-сылтауларыңды айта алмайсың. Университеттегі тағы бір ерекшелік − студенттерге өз бетінше оқу мүмкіндігін береді. Мәселен, мамандық бойынша ұсынылған он пәннің бесеуі міндетті түрде оқу үрдісіне кірсе, қалған бесеуін таңдау өз еркіңде. Баға күнделікті қойылмайды. Дәріс, презентация, слайд арқылы оқытылады. Дәріске қатысуға қатаң талап қойылмайды, бірақ өзің үшін қатысасың. Ал ізденемін, оқимын деген адамға университет кітапханасы тәулік бойына ашық болады. Емтиханды ауызша әрі жазбаша түрде тапсырамыз. Оның нәтижесін 1-2 айдан кейін білесің. Сонымен қатар мен оқыған факультетте студенттерге бизнесті жүргізу жолдары жөнінде қосымша пән міндетті түрде оқытылады. Бұл – болашақта ғылым жолында жүріп, өзіндік инновациялық жаңалығыңды, не болмаса тың ұсынысыңды өндіріске енгізер сәтте демеуші табу, компания өкілдерімен іскерлік келіссөз жүргізу үшін қаржы табудың жолын бағыттайтын өмірлік сабақ секілді. Англия елінің жұртшылығында комплекс жоқ. Халқы өте сабырлы, төзімді. Көбіне жымиып, жылы сөйлеседі. Әрі онда киім-киісіңе, дініңе деген көзқарас бірқалыпты. Мәселен, ескі, тозыңқыраған, жамаулы киім кисең де әркімнің өз еркі, - дейді жерлесіміз.

Айжанның бойына да осы қарапайым қасиеттер қалыптасқан. Шет ел көріп тіл меңгерсе де, демалыста шалғайдағы ауылына жиі келеді. Қара шаңырақта отырған ата-анасына, үй тіршілігіне көмектесіп, тума-туыс, бауырлардың ортасында  демалғанды жаны сүйеді. «Болашақтық» ару елге оралған соң Назарбаев Университетіне оқытушы ассистенті боп жұмысқа орналасты. Алғаш еңбек жолын еліміздегі іргелі оқу орнында бастады.

-Назарбаев Университетіне көбіне халықаралық олимпиада, ғылыми жобалардың жеңімпаздары, үздіктің үздіктері түседі. Сондықтан олармен жұмыс істеу қызықты әрі жеңіл. Студенттер білім, ғылымнан бөлек мәдени шараларға да белсенді. Шет елден келген оқытушылар сабақ беретіндіктен, олар ұялуды білмейді, сыни тұрғыдан ойлайтын, ағылшын тілін жетік меңгерген жастар.

Қазір ғылыми қызметкермін. Биохимиядан ғылыми жұмыспен айналысамын. Алғашында паркинсон ауруын зерттейтін жобаға қосылып, бір жыл осы ауруды зерттедік. Биыл докторантураға түстім. Рак ауруының метабализмін зерттеумен жұмыстанамын. ДНК-мен жұмыстанамын, ақуыз өсіремін, тазалаймын. Алдағы уақытта ғылыми мақалаларды көбірек жазуды қолға алмақшымын, - дейді жас ғалым.

Кішкентай ауылда туып-өскен Айжанның таудай талабы оны мұхиттың ар жағында білім алуына мүмкіндік берді. Ал мектептегі  биология пәніне деген құштарлық ғылым жолына түсірді. Бүгінде онымен ауылы ғана емес, барша қазақ елі мақтанады. Өйткені  «болашақтықтардың» елге алып келген әлеуметтік капиталы зор екені рас.

 Әсемгүл Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале