3.07.2020, 11:15
Оқылды: 251

Қара домбыраның қасиеті зор

Балабақшаға барып жүрген кезімнен ән айта бастағанымды байқаған анам 1993 жылы Жалпақтал өнер мектебіне жетектеп барды. Ол жерде білікті әрі ұлағатты ұстаз Баян Құбайқызы жетекшілік ететін терме класынан білім алдым. Сол мектепті бес жыл оқып, бала көңіл санасына түйетіндей әндерден бөлек, аталы сөздерді үйреніп, халық алғысы мен батасын алып есейдім.

35B81034-8F91-4021-A227-C41F6408A5BF

Кейін Орал қаласындағы колледж қабырғасында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі - Хатимолла Бердіғалиев ұстазымнан өнерімді ұштап, қазіргі таңда Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясында қызмет жасап келемін. Бірнеше республикалық байқауларда лауреат атанып, дәстүрлі әнші деген дәрежеге жетуім де осы қасиетті қара домбырағын арқасы деп білемін.

Атадан балаға мирас болып қалған, ұлттық құндылығымыз - домбыра екені барша қазаққа мәлім. Кешегі басқа елге тәуелді болған уақытта да қазақпен бірге жасасып келе жатқан, халықтың мұң мен мұқтажын, қуаныш пен қайғысын бірге бөліскен бұл қара домбыра қазақпен етене біткен бір мүшесі десек де артық емес!

Өз алдымызға егемендік алып, көк байрағымыз төбеде желбіреп, қара домбырамыз төрімізде ілінгені бұл - қазақ деген халықтың қаhарман халық екендігіміздің тағы бір дәлелі. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы күнді белгілеп, ұлттық домбыра күнін жариялағанда, еңсеміз өсіп, жігеріміз жанып ерекше күйде болғанымыз рас.

Көмейіне қорғасын құйылса да қоңыр үнімен бүгінге жеткен қастерлі домбыраны біз бен сіз болып  кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Әлеуметтік желі арқылы әр елдің қазаққа жат даңғырлақ музыкасымен уланып жатырған жастарды ұлттық әуенмен емдейтін де осы қара домбыра деп білем. Әр қазақтың үйінің төрінде домбырасы ілулі болса, ұрпағы сау, санасы сергек, болашағы кемел болары сөзсіз!

Бүгінгі жеткен жетістігім үшін алдымен ата-анама, екіншіден осы қасиетті қара домбыраға қарыздармын. Сондықтан ұлттық құндылығымыздың мәртебесі асқақтай берсін!

Ернар Өмірәлі,

Ғ.Құрманғалиев атындағы

облыстық филармония әншісі 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале