4.08.2020, 16:45
Оқылды: 203

Қара сиырдың зарын кім тыңдайды?

Казталов ауданы орталығындағы басты көше – Шарафутдиновпен кетіп бара жатып, жол қиылысында орналасқан «ҚиылысПерекресток» дүкенінің жанында, тал түсте жайылып жүрген қара сиырға көзім түсті. Дүкен жанындағы сортаң әрі шұрайлы жусанды шөпті рахаттана күйсеп-ақ тұр. Бірақ жанынан өтіп бара жатқан маған қара сиырдың көзінде бір мұң бар секілді көрінді.

5CD4A5B7-CBF7-4350-8091-7FC55C607B47

Атақты Сүлеймен пайғамбардай құс пен жан-жануардың тілін білмесем де қара сиыр екеуміз бір-бірімізді ұғынғандай болдық. Осы бір кең дүниенің есігін ашқанына 6-7 жыл болған, нағыз мама сиырға айналған, пірі – Зеңгі баба болған мүйізді ірі қара менің алдымда бар зарын жайып салғандай.

«Ей, Адам атаның ұрпағы! Мені білсең сонау әлімсақтан адамдардарға қызмет етіп келемін. Әркез адамзатқа жесе ас, ішсе сусын, киерге киім болғанмын. Соңғы уақытта менің қадірімді ұмыта бастадыңдар. Айт, барша адамдарға! Менің қадір-қасиетімді ұмытқандарды Зеңгі бабамның киесі ұрады. Қазақтың басына небір нәубет келгенде менің ағарғанымды үйдегі аш-жалаңаш балаларыңа талғажау еткеніңді неге ұмытасыңдар? Сүтімнен қаймақ, құрт, ірімшік, сарысу жасап жеген кездерің қайда? Мені саууға ерініп, сүтімді дүкендегі тегі белгісіз сүт, қаймақ, ірімшікке айырбастадыңдар. Бақпайсыңдар, бағымға қоспайсыңдар. Мені асыраған ием таңғы ұйқысын қимай, өріске шығармай, көшеге жібере салады. Жүрген жүрісім мынау қоқыстан сүйек пен картон, сортаңнан шоғайна мен тікенек жеп. Бақпағасын төрт аяқты мен екі аяқты түз тағыларының оңай жемтігіне айналдық. Бұрын өрісте жайылып жүріп екі емшегімді иеме, екі емшегімді бұзауыма деп толтырушы едім. Сүтім сауылмай әдірем қалды. Мені тек пұл үшін асырайтын болдыңдар. Күз келсе ақшаға сатып, қыс келсе соғымға соясыңдар. «Ақырзаман болғанда қатының би болар, сиырың пұл болар» деп ескертпеді ме ұлағатты Мөңке биің? Сол пұл үшін шетелден мал әкелдіңдер. Қарғыс атсын, Зеңгі бабаның киесі ұрсын дүниені ақшамен өлшеген Адам атаның ұрпағын!» деп зәрлі зарын төкті мама сиыр. Қара сиырдың көзіне қарап тұрып, зарын тыңдап, денемді ток ұрғандай мелшиіп қалыппын. Тереңге бойлаған ойымды: - Ей, Қайрат! Неге сиырға қадалып қалғансың?-деп қолымнан тартқан жолдасымның үні бұзды.

Рас, біз шығармашылықтың адамымыз. Бірақ мен қара сиырдың мұңды көзінен адамзатқа деген наласын ұққандаймын. Қара сиырдың зарын кім тыңдайды? Бағымсыз малдың тақырыбы жауыр болғалы қашан? Біздің газетті немесе әлеуметтік желіні оқитындар: «Осылар жаза береді екен» деп ойлайтын шығар? Қанша жерден жазып жатсақ та одан нәтиже жоқ. Қазір басқа елді мекендерді айтпағанда аудан орталығының басты көшелерінде

ірі қара өріп жүр. Аудан әкімі Альберт Темірболатұлы қызметіне кіріскеннен бері мал бағылымын реттеу туралы ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, мәселені шешу үшін жұмыстанып-ақ келеді. Жақында аудан басшысы жеке парақшасында: «Көктем мезгілі басталысымен аудан тұрғындарына тазалықты сақтау туралы ұсыныстар тасталды. Дегенмен сол ұсыныстар әлі күнге тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болмай отыр. Мәселен, аудан орталығының өзінде абаттандыруға бет бұру, оның ішінде ақталмай тұрған үйлер, ұсқыны кетіп тұрған ғимараттар және ауыл ішінде жеке тұрғындардың малдарын ұстамау турасында мәселе көтерген болатынбыз.

Соның ішінде бағымсыз мал көшелерді кезіп жүретіні талай мәрте айтылып та, жазылып жүр. Бағымсыз жүрген мал көше бойында егілген тал-теректерді қиратады, қатқыл табанды жолдарды бүлдіріп, жиналған қоқыстарды шашады. Ауыл ішіндегі малдарды далада бағуды ұйымдастырсақ, жолымыз, ауамыз, ауылымыз таза болушы еді. Туған

жеріміздің ауасын жұтып, нанын жеп отырғанымыз үшін сол жердің ажарлануы мен абаттандырылуына да бірге атсалысуға шақырамын!» деген тұрғындарға үндеуін жолдады. Жұма сайын бағымға қосылмай, көше кезіп жүрген малды бізде тиісті орынға қаматып-ақ жатыр. Казталов ауылдық округі мамандары қашан көрсең де мал айдап жүргендері. Сол қамалған малдың иелерін анықтап, оларға ескерту берілсе де нәтиже жоқ. Ендігі кезекте сол мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажеттігі туындағандай. «Бақпасаң, мал кетеді» демекші, қазір ауыл көшелерінде жайбарақат жайылып жүрген мал күзде екі аяқты мен төрт аяқты түз тағыларының оңай жемтігі болатыны анық. Біз біреуге жамандық ойлаудан аулақпыз. Дегенмен, күзде мал жоғалса, кінәні өзімізден емес өзгеден көретініміз айтпаса да түсінікті. Сол кезде санымызды соғып қалмайық!

 Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале