7.07.2020, 16:12
Оқылды: 168

Карантин - алкоголизмнің «алтын кезеңі»

Ащы судың зардабы мен кеселі хақында айтылып та, жазылып та жүр. Арақ адамның өміріне, оның қалыпты өмір сүруіне өте зиян екені әлімсақтан белгілі. Осы ащы судың арқасында қаншама жандар көз жұмып, өмірлерімен қош айтысты. Тіпті, адам маскүнемдік әсерінен қылмыс жасап, сотталып түрменің түбінде шіріп жатқандары аз емес. Соған қарамастан, адамзаттың не себептен оған құштар болатындығын түсіне алмай дал боласың. Әрбір отау шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің шаңырағын шайқалтатын басты себептердің бірі – арақ. Яғни осы арақтың кесірінен қаншама сәби ата-анасыз жетімханада тірі жетімнің күйін кешуде.

0B283B87-F8BA-4995-93B0-CD7AA4EEF26E

Ащы суды тұтынудың салдарын онсыз да білеміз дейтін шығарсыздар. Бірақ дөңгеленген дүниені коронавирус секілді тажал жаулап, елімізде карантин жарияланған тұста араққа деген сұраныс күрт артып тұр. Бұл  - дабыл қағатын мәселе.

Карантин кезеңінде дүкендерде ең көп сұранысқа ие тауар – спирттік ішімдіктер. Қазір адам еріншектікке бой ұрып, қолдағы барына ащы су сатып алуды дағдыға айналдырып отыр. Теректі ауданындағы дүкендер кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс жасаса, сол сағат 19:30-дың тұсында әр дүкеннен сыра мен арақ құшақтаған ер мен әйелді оңай кездестіресің.

Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов  ауылдарға іссапармен жиі барады. Шаруалармен көп кездеседі. Кездесулерде көтерілетін басты мәселе – жұмыс қолының жетіспеушілігі. Шаруа қожалықтарда екі қолға бір күрек ұстап, адал еңбекпен нан табатын жандарға зәру. Олардың айтуынша, қазір халық күні-түні жұмыс жасап, ақша тапқанша, дайын асқа тік қасық болуды мақсат еткен.

- Новопавлов, Юбилейный, Покатилов ауылдарында тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттер арақтың соңына түсіп кеткен. 90 мың теңге көлемінде жалақысы, жатын орны, тамағы болса да жұмыс істегісі келетін адам таба алмай әбігерге түсіп отырмыз. Қайтпек керек? Карантин деген халықты еріншектікке үйретіп жатыр. Арақ ішіп, көше кезіп жүретін ер азаматтар мен олардың жанына ерген әйелдерді көргенде қынжыласың. «Арақты қой» деп айтайын десең, әркімнің өз жеке өмірі бар. Осылай жалғаса берсе еліміз не болады? Бір амалын ойлап табуымыз керек қой,- деп ашынады «Ғайса» шаруа қожалығының басшысы Қанапия Байгелов.

Шаруаның айтуы орынды. Қазір дүкен былай тұрсын, үйден арақ сататын «саудагерлер» көбеюде. Ауыл әкімдерінің қолында ештеңе жоқ. Тіпті, дәлелдей де алмайды. Халық өзі тұтынады, сондықтан өз ауылдасын жығып беруге құлықсыз.

- Новопавлов ауылында аталмыш мәселе өзекті екендігін жоққа шығара алмаймыз. Ауыл тұрғындарын жұмысқа тартамыз, олар бір-екі күн жасап, сосын ащы судың соңынан кетеді. Үйден арақ сататындар жайында ақпарат түскесін аудандық ішкі істер бөліміне ұжымдық арыз жолдадық. Олар аудандық кірістер басқармасына арызды жіберіпті. Дегенмен кірістер басқармасы тексеруге құқығымыз жоқ деп жауап берді бізге. Енді ауылда теңселіп, көше кезіп жүрген тұрғындарды көзім шалмады. Бірақ спирттік ішімдіктерді серігі еткен тұрғындардың көбейіп жатқандығы алаңдатады,- дейді Новопавлов ауылдық округі әкімі Қайрат Жұмақаев.

   Халық саны 4836 адам Ақжайық ауылында да бұл мәселе күйіп тұр. Дегенмен ауылдағы ардагерлер, аналар, билер кеңесі қарап отырған жоқ.

- Ауылымызда билер, ардагерлер, аналар кеңесінің рөлі едәуір. Ішкілікке салынған отбасылармен кездесіп, түзу бағытқа тарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүруде. Тілекқабыл Жауынбаев, Салауат Нарышев, Ғазиза Рахметова секілді ауылымыздың белді тұлғалары әкімдікпен тығыз жұмыс жасап, ащы судың түбіне түскен жерлестерімізге арақтың зардабы турасында кездесулер жасап отырады. Оның да үлкен септігі бар. Бүгінгі таңда округте ата-аналық құқығынан айрылған бірде-бір отбасы жоқ,- дейді Ақжайық ауылдық округі әкімі Болат Қадралиев.

   Қазір арақты жасы да, кәрісі де ішеді. Үйге келген қонақты арақсыз қарсы алмайтындай деңгейге жеттік. Дастарқанға арақ қою үрдіске айналды. Бұрындары ата-бабаларымыз қонақ келсе, қой сойып, ет асып қарсы алған емес пе? Ал бүгінде керісінше қой соймағанға емес, арақ бермегенге өкпе айтатын болдық. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, осы бір ділімізге де, дінімізге де жат қылық қасымыздан қалмай, етегімізге жармасып-ақ келеді. Ең қиыны, мектеп жасындағы балалардың өзі достарының арасында, мерекелік кештерде сыралатып қызықты етіп өткізуге барын салатыны. Ал мұндай сыралатудың соңы көбіне қайғылы оқиғаларға ұласып жататынын өздеріңізде жақсы білесіздер. Ішімдікке мас болған жасөспірім балалар түрлі бұзақылықтарға, адам өлтіруге дейін барады. Тәуелділіктің соңы маскүнемдікке, ішкілікке жеткізеді. Сондықтан да, жоғарыда отырған азаматтар осының бір амалын табуы керек. Жалпы, заң бойынша спирттік ішімдіктерді жасөспірімдерге сатуға, қоғамдық орындарда ішуге тыйым салынған. Алайда бұл заң толығымен орындалып жатыр деп айта алмаймыз. Оның орындалуын жіті қадағалап отырған тиісті орындар да жоқ. Пайданы көздегендер мүмкіндігінше заңды айналып өтуге дайын тұрады. Сондықтан алкогольдік өнімдерді арнайы арақ-шарап дүкендерінде ғана сатуға рұқсат беріп, оларды видеоқондырғылар арқылы бақылап отырса, мәселе шешілер ме еді?!

Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, еліміз әлем бойынша спирттік ішімдіктерді ең көп тұтынатын елдер арасында ондықтың ішінде. Азия бойынша алдыңғы орындарды ешкімге бермей келеміз. Мақтанатын жайт емес. Алайда жағдай осы. Маскүнем бар бақытын, бар байлығын бір саптыаяқ арақпен ғана өлшейді. Олай дейтінім, ата-ана, жан жары, бала-шағаның бәрін де өмірлерінен сызып тастайды. Қоғамнан да алыстайды. Ал ішімдіктің соңына түсіп маскүнемге айналған адамның денсаулығы түрлі ауруларды өте жылдам қабылдайды екен. Тек толығымен маскүнемге айналғандар ғана емес, спирттік ішімдікті жиі пайдаланатын кез келген адамның денсаулығында психологиялық ауытқулар, тез әлсіреу, ұмытшақтық, ашушаңдық сияқты ауру түрлері кездесе бастайды. Оның ең алдымен жүйке жүйесі зақымдана (психоз) бастайды. Ал жүйке жүйесі зақымданған адамдардың құлағына түрлі дауыстар естіліп, көздеріне қорқынышты елестер көріне бастайды. Көпшілігі ақыл-естен айрылып ұмытшақтыққа бой алдырады. Өз еркіне бағына алмай, араққа тәуелді болады. Бір сөзбен айтқанда, ақыл-есінен айрылады. Сондай-ақ ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, өз-өзіне қол жұмсаушылардың жетпіс пайызы спирттік ішімдікті шамадан тыс көп ішудің арасында кездесетінін айтып отыр. Соңғы жылдары жастар арасында белсіздік пен бедеулік кең етек алып барады. Бұл да ішімдікті шамадан тыс көп қолданудың кесірінен келетін кеселдер.

Ішімдікті бір рет пайдаланған адамның өзін қайта қайтару, жолға салу оңай шаруа емес. Бейбіт елдің тыныштығына қиянат келтіретін маскүнемдік секілді дертпен көп болып күрескен абзал. Өйткені күн санап ғасыр дертіне айналып, жаппай етек алып барады бұл. Қазақта жақсы сөз бар: «Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады» дейді, шын мәнінде арақтың ақыры өз көріңе жетелейді. Карантинде арақ пен сыраны серік еткенше, кітап пен түрлі фильмдер қарау арқылы ой-өрісіңді дамытуға болатындығын, салауатты өмір салтын ұстану керектігін ұмытпайықшы.

 Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале