7.08.2020, 12:24
Оқылды: 82

Карантин уақытша, ал сұлулық мәңгі

Сұлулық индустриясы біздің заманымызда өзекті кәсіптердің біріне айналды. Қазір нәзік жандылар өздеріне күтім жасау үшін көптеген салон қызметтерін пайдаланады. Ол үшін қаражатын да аямайды. Арулар арасында негізінен маникюр, шаш үлгілерін жасау қызметі көп сұранысқа ие.

8D10B507-77C6-4C40-93B9-D97D774B949A

Сұлулық салонының қызметін пайдаланамын деген нәзік жандылардың таңдауы шаш-етектен. Өйткені қоғамымызда маникюр, кірпік, шаш мастерлерінің қатары күннен-күнге толығуда.

Бұл қызмет түрін ауданымыздың қыз-келіншектері де меңгеріп үлгерді. Осы күні алысқа бармай-ақ ауыл ішінен де қажетті шеберді табуға болады. Сұлулық жасау бизнесіне 2015 жылы келген Ұлболсын Шалабаеваның қазір Переметный ауылында шағын салоны және тұрақты тұтынушылары бар. Кәсібінен табыс көріп отырған үш баланың анасы маникюрдің құрама, гель-лак, жасанды түрлерімен қоса сан-алуан шаш үлгілерін ұсына алатынын айтады.

-Мен кішкентайымнан тырнақ бояғанды жақсы көретінмін. Мектеп кезіндегі демалыс күндерін күтіп, бірден тырнағымды бояп алатынмын. Адамға сұлулық сыйлағанды да ұнатамын. Сол себепті үйде бос отырғанша, трендке айналған кәсіпті үйреніп, игеріп алайын деп шештім,- дейді ол.

Ұлболсын алғашында маникюр сертификатын 2015 жылы қаладағы шағын салондардың бірінен алған. Жаңа кәсібі қолынан келетінін сезсе керек, шаштараз оқуына жазылып, оны да меңгеріп алады. Одан соң арнайы дизайн курстарынан өтеді. Қазір шағын болса да, кең әрі сапалы салонның иесі. Болашақта макияж, кірпік мастерлерін және ер адамдар шаштаразын жанына алып, салон қызметін кеңейтуді мақсат етіп отыр. Қашан да тұтынушыларына сапалы қызмет ұсынатын ол осы күні көпшіліктің алғысына да бөленіп үлгерді.

-Жұмысым келушілерімнің көңілінен шығып жатады. Көбі тырнаққа сурет салғанымды ұнатып, мақтайды. Бұның бәрі үлкен тәжірибенің арқасы. Маникюр кәсібі жыл сайын дамып келеді. Жаңа техникалары мен дизайн үлгілері де көбеюде. Заман ағымына ілесіп, мен де тәжірибемді ұштай түсемін,- дейді Ұлболсын.

Үй шаруасындағы әйел болған соң ол осы кезге дейін кәсібі мен үй ішіне көп уақыт таба алмаған. Отаналық міндеті мен кәсібінің ара-жігін ажыратып, уақытын тиімді пайдалануды үйрену үшін танымал жазушы Брайн Трейсидің «Тайм-менеджмент» кітабын оқып жүргенін айтады.

- Өз кітабында Брайн Трейси қателескен кездерде берілмей, әр олқылықтан сабақ алуды және уақытты үнемдеу жайында сөз қозғайды. Ол кітаптан үлкен мотивация аламын. Қателіктерден тәжірибе жинауды үйрендім,- дейді ол.

Ұлболсынның айтуынша, тұтынушылармен жақсы қарым-қатынас орнатып, көңілінен шыға білу сынды қасиеттер әр шебердің бойынан табылуы тиіс екен. Кәсіпті жаңадан бастаушыларға ең бастысы табандылық тілейтінін айтады ол.

-Кез келген жаңа іс кедергісіз болмайды. Сол кедергіге табандылық танытып, төзе білген жандар ғана еңбегінің жемісін көре алады. Сондай-ақ айналаңдағы жақын-жуықтың қолдауы да маңызды. Жұмысының алға басуы отбасым мен жолдасымның қолдауы арқасында,- дейді шебер.

Соңғы уақыттағы шектеулерге байланысты кәсібі аздап тұралап қалған Ұлболсын карантиннің тәжірибе жинап, ойыңдағы істерді жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік беретінін айтады. Қазір ол көп уақытын жанұясы мен түрлі кітаптар оқуға жұмсауда.

-Індет те, карантин де уақытша. Ал сұлулық мәңгілік. Соңғы үш-төрт айда онлайн сабақтарды қарап, біраз нәрсе үйрендім. Тұтынушыларыма карантин режімінен соң қазіргіден де тамаша шаш үлгілері мен тырнақ дизайнын ұсынатын боламын,-дейді кейіпкеріміз.

 Аружан Болатбекқызы

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале