21.05.2018, 15:22
Оқылды: 46

Қаратөбе ауданында «Таным» музейі ашылды

 

Бүгін Қаратөбе ауданы Шөптікөл орта мектеп-балабақшасының жанынан «Таным» тарихи-өлкетану музейі ашылды. 18 мамыр – Халықаралық музей күні ашылған мектеп музейі түрлі жәдігерлермен жабдықталған.

 Мектеп жанынан ашылған тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:

– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялағанына жылдан асты. Осы уақыт ішінде көптеген шаруалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі -   өздеріңіз куә болып отырған «Таным» музейінің ашылуы. Ұлттық бірегейлікті сақтау жолында және «Тәрбие және білім» кіші бағыты бойынша жас ұрпаққа туған жерін қастерлеуге, Отанын сүюге тәрбиелеу бағытында музей жұмысының да ықпалы зор болмақ. Ауыл тарихынан, ондағы еңбек еткен адамдар туралы мол деректер ұсынатын музей жұмысына сәттілік тілеймін,- деді.

Мектеп музейінің ашылу салтанатына келген қонақтарға мектеп тарихы мен онда басшылық жасаған және ұзақ жылдар ұстаздық еткен тұлғалар жайлы бейне көрсетілім көрсетіліп, оқушылар күмбірлеген күй тартып, мың бұрала би билеп берді.

Одан соң «Таным» музейінің ашылу салтанатының лента қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан мен Қаратөбе ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Қуаныш Мәжитұлы жүргізді. Музей ішін аралап, қойылған экспонаттармен танысқан қонақтар мол мағлұматтар алды.
Мектеп жанынан ашылған музей жұмысына сәттілік тілеп, лебіз білдірген ауыл ақсақалы Жамбыл Тоғжанов, ардагер ұстаздар Зинеден Бауен, Мәжит Нұрекешов, Үмбетқали Бақтығалиев, Меруерт Ысқақовалар қолдарында бар жәдігерлер мен түрлі құжаттарды табыстады.

Шара қорытындысында сөз сөйлеген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев жаңадан ашылған музей көне жәдігерлер мен тың деректерге толыға беруіне тілектестігін жеткізіп, Шөптікөл ЖОББ мектеп-балабақшасының директоры Бағдат Зайнуллинге музей паспортын табыстады.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале