6.10.2017, 15:07
Оқылды: 29

Қаратөбе ауданында ұстаздар форумы өтті

Ұстаздар күні мерекесіне орай «Ұстаз – жарық күні ғаламның...» атты ұстаздар форумы өтті.

Алдымен, аудан орталығында орналасқан Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде ардагер ұстаздармен кездесу кеші өтті.

Одан соң Қаратөбе мектеп-гимназиясы базасында ардагер ұстаздар бас қосты.

Форумның келесі бөлімінде аудандық мәдени-демалыс орталығында  «Ұстаз – жарық күні ғаламның...» атты мерекелік салтанатты шара өтіп, еңбегі ерен ұстаздар марапатталды.

Ұстаздар қауымын құттықтау үшін мінберге көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев:

– Ата-анадан кейінгі ақыл-ой, білім, ізгілік пен ұлттық  сана-сезім секілді қасиеттерді бала бойына дартытушы – ұстаздар қауымы. Әрдайым еліміздің ертеңгі келешегі – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан еліміздің атын әлемге танытатын білімді де талантты шәкірттеріңіз көп болсын! Сіздерді әр адамның жүрек түкпірінен орын алған, еселі еңбегі, ардақты есімі ақынның сөзіне, сазгердің әніне арқау болған Ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын! - деді.

Одан соң аудан әкімі Жанат Асылханұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен Қаратөбе мектеп-гимназиясының жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Алмажан Жұмағалиева, Қаратөбе колледжінің І санатты әдіскері Бақытгүл Ахметова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісін аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Екпін Тінәлиевке табыс етті.

Ұлағатты ұстаздар ұлықталған кеште БҚО білім басқармасының, техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы, БҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің алғыс хатымен бірқатар мұғалімдер марапатталды.

Мерекелік шарада ұстаздар құрметіне Қаратөбе балалар саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі, аудандық мәдениет үйінің әншілері және оқушылар ән шырқап, мың бұрала би билеп өнер көрсетіп, мәртебелі мамандық иелерінің көңілінен шықты.

Шара соңы ұлағат иелеріне арналған «Шыңғыс» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарқанға ұласты.

 Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале