3.05.2018, 13:23
Оқылды: 23

Қаратөбе ауданының әкімі батагөй қарияны қабылдады

Бүгін Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев республикалық-аймақтық батагөй қариялар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған егіндікөлдік Ертай Сердалинді қабылдады.

 Аудан әкімінің қабылдауында болған батагөй қария ауданның әлеуметтік жағдайы мен қоғам өміріндегі елеулі оқиғалар жөнінде ой бөлісті.

Ел абыройын асқақтатып батагөй қариялар сайысынан бас жүлде әкелген Ертай ақсақалға алғыс білдірген аудан басшысы Жанат Асылханұлы:

– Қария деген сөз - елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөлену. Шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуге ақылын айтар елі мен жерінің кеңесшісі, қамқоршысы болуға жауапты тұлға.

Ұлттық құндылығымыз батаның қадір-қасиетін жоғалтпай, ұрпаққа насихаттап жүргеніңіз үшін алғыс білдіремін, - деп Е.Сердалинге алғыс хат ұсынып, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Аудан басшысымен емен-жарқын жүздескен ақсақалдар ел жағдайы жайлы, ауыл халқының атамекеннен көшпеуі, жергілікті халықты тұрақтандыру, жастарды жұмысқа тарту, қазақы болмысымызды қайта жаңғырту, жас ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені сіңіру мәселелері бойынша әңгіме өрбітті.

Кездесу соңында Ертай ақсақал:

Еліміз тыныш болсын,

Алпауыт көршілеріміздің ниеті дұрыс болсын.

Қарияларымыз баталы болсын,

Баталары ой тастайтын сапалы болсын.

Әңгімелері ел аузында жүретіндей,

Сөздері салиқалы да, аталы болсын.

Елімізде бірлік болсын,

Берекелі тірлік болсын! - деп қолын жайып, ақ батасын берді.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале