11.07.2019, 12:18
Оқылды: 257

Қаратөбе ауданының ең өзекті мәселелері қозғалды

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Қаратөбе аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Актив жиналысында аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

IMG_7138

– Қаратөбе ауданының 2019 жылға нақтыланған бюджеті4 млрд.281,9 млн. теңге,ағымдағы жылдың 6 айына әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша аудан бюджеті 2млрд. 246,9 млн. теңгені болса, соның ішінде жергілікті бюджетке – 184,4 млн. теңге түсті (104,1%).

Ауданда алдағы уақытта, «Nazelprodukt» алкогольсіз сусын шығаратын цехты іске қосу, «KazMeatIndustry» ЖШС Қаратөбе ауданында жалпы саны 5000 басқа дейінгі аналық және 40 000 басқа дейін романовтық тұқымды қой өсіруге арналған репродуктор құрылысын салу жоспарлануда.

IMG_7154

Жастар жылы аясында еліміздің 6 өңірінде жүзеге асқан «Zhas Рroject» жобасына Қаратөбе ауданы бойынша 78 әлеуметтік жоба ұсынылды, яғни аудан бойынша 200-ден астам жас үміткер құжаттарын тапсырды. Жоба қорытындысында 18 әлеуметтік жоба жеңімпаз атанды. Бұл осы жобаны жүзеге асыратын 54 жастың кәсібін өркендетуге берілген үлкен мүмкіндік.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында меценаттардың көмегімен 2018 жылы 54 жоба жүзеге асты. Биыл 20 жоба жоспарланып отыр, - деді баяндамасында аудан басшысы Жанат Асылханұлы. Сонымен қатар кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алда атқарылатын келелі істер және міндеттерге тоқталды.

IMG_7164

Актив жиналысында сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев тұрғындардың жер телімдерін алуына қолдау жасау, тұрғын үй салу мәселесі, Жусандыой, Ханкөл ауылдары арқылы өтетін жолды жаңартып қатқыл табанды жол салып, Орал-Ақтөбе республикалық маңызы бар күре жолға қосу, Қоскөл ауылына бағытталған 9 шақырым жолды Ақтөбе трассасына қосуға Қоскөл ауылдық округінің жеке кәсіпкері А.Жолымбетовтың жол жобасын жасақтап қойғанын, жас мамандарды қолдау, кадрлардың сапасын арттыру, жастарға қолдау жасау, аудан орталығындағы ауылішілік 9 шақырым жолдың  жөнделуі, бассейн салу турасында тоқталып өтті. Кезегінде сөз алған аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Маралбек Амантаев коворкинг ашу мәселесін, Қалдығайты өзенінің арнасын кеңейту, «Дипломмен ауылға»  мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылға келетін жас мамандарға қаражаттың жетіспейтіндігін жеткізді.

IMG_9610

Облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан активі алдында өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы келелі міндеттер туралы әңгімеледі.

– Мемлекет басшысы мамыр айндағы өңірге сапарында біздің облыстың ауыл шаруашылығы саласының еңбек өнімділігінің төмен екендігін айтты. Бұл көрсеткіште біз он алтыншы орында екенбіз. Бізден кейін Жамбыл облысы тұр. Бұл жөніндегі қателігіміз статистикалық есептеуде болып тұр.

Жақында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бес жылға арналған жоспарын жасақтадық. Оған барлық аудандар мен қаладан ұсыныс-пікірлер жиналды. Түскен өтініш көп. Олардың бәрін бірден орындау үшін бес есе көп қаржы қажет. Мемлекеттің тарапынан бөлінген қаражаттың көмегімен ауқымды істердің тиімділігін жан-жақты қарауымыз керек, - деді өңір басшысы аудандағы актив жиналысында.

Биліктің халықпен байланысын күшейту мақсатында аудандарға қоғамдық өкілдер белгіленгенін айтып, ауданға қоғамдық өкіл болған Ғарапша Сахиповты аудан активімен таныстырды. Актив жиналысынан соң өңір басшысы  аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша  қабылдады.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале