22.08.2017, 15:49
Оқылды: 33

«Қаратөбе кәсіпкерлер үшін тиімді орталық бола алады»

 

Бұл жөнінде Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев Орал қаласында Қаратөбе өңірінен шыққан бір топ жерлес кәсіпкерлермен кездесуінде айтты.


Бұл басқосу елді өркендету ісінде кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру мақсатында өткізілген.

- Қаратөбе ауданы алдағы жылдарда кәсіпкерлер үшін тиімді орталық бола алады. Ол үшін сіздермен біздер тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып, кәсібімізді бір орталықта шоғырландыруымыз қажет. Аудан экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әр бір азамат бизнесті шағын істерден бастауы керек. Ендігі қадам осынау кәсіп иелерінің басын қосып, туған жеріміздегі шағын және орта бизнесті дамыту болмақ, - деді аудан әкімі Жанат Асантаев.

Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов шағын және орта кәсіпкерлік жетекшілеріне аудандағы бос жер телімдерінің, кәсіпкерлердің жай-күйін таныстырып өтті.

«Омар» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Асхат Омар аудан орталығында жиһаз кәсібін ашпақ ниетте екендігін жеткізсе, «ДЕМ» минералды сусын цехының басшысы Сержан Ашығалиев алдағы уақытта шырын сусындарын өндіріп, кәсібін кеңейтпек ойын ортаға салды.

- Бүгінгі бас қосу – үлкен істердің бастамасы. Туған жерді көркейтіп дамыту – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта ауқымды түрде кәсіпкерлердің құрылтайын өткізіп, қаншалықты кәсіп көзін ашатындығымызды нақты айқындап алуымыз қажет, - дейді «Тәжіғалиев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жарқын Тәжіғалиев.

Аталмыш кездесуге қатысқан іскер азаматтардың ой-пікірлерінен аяулы мекенге деген ыстық ықылас пен туған жерге деген жанашырлық байқалды.

Маралбек АМАНТАЕВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале