6.04.2018, 16:19
Оқылды: 22

Қаратөбе жастарының бейнеролигі - үздіктердің қатарында

Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Дініңді сатпа, салтыңды сақта, сенімді ақта! Ел болашағы ­­­­- жастар» атты шығармашылық байқауға Қаратөбе колледжі студенттері қатысып, «Үздік бейнеролик» аталымы бойынша жүлделі ІІІ орыннан көрінді.

Байқау шарты бойынша өскелең ұрпақтың қоғамда белең алып отырған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, оған жол бермеу түсініктерін қалыптастыру және адами құндылықтарды сақтап, олардың рухани жетілуіне ықпал ету мақсатында 2 бөлімді «Адасу» спектаклінің үзіндісі бейнелеген бейнетүсірілімін ұсынды.

Қойылымның желісі барысында Мұрат есімді жас дарынды композитор достарының азғыруына еріп, ащы судың жетегіне кете барады. Сүйіп қосылған Айгүл есімді жолдасына қол көтеріп, ұйып отырған отбасын ойран етіп, істеген ісіне өкініп отырған жайттан өрбиді.

Айгүл болса, құлдырап бара жатқан отбасын сақтап қалу жолында көп нәрсеге шыдап келеді. Бірақ жолдасының іс-әрекетінен әбден жүйкесі тозған кішкене қызын анасына апарып, тығырықтан шығудың жолын қарастырады.

Қиын тағдырға тап болған Айгүлді әпкесі Жанар азғырып, өзге діннің арбауына түсіріп алады. Жанар - Айгүлдің үлкен әпкесі. Ол үнемі күйеу баласы Мұраттың ішкілікке салынып кеткендігін, отбасын асырай алмайтындығын, ондай еркектен аулақ болуға азғырып, біржола одан күдерін үздіреді. Жат ағымның етегіне кете барған Айгүл анасымен қызын мүлдем есінен шығарады. Өзге діннің шырмауындағы азапты күндерінің бірінде Айгүлдің кеудесінде жарқ еткен сәуле оянып, жүрген жолының дұрыс еместігін түсінеді. Өмірге деген құштарлығының және өзге де жандардың көмегінің арқасында бостандық алып, азаптан құтылады. Отбасымен қауышып, бақытты өмірге оралуымен аяқталады.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале