12.08.2018, 11:58
Оқылды: 29

Қаратөбеде аламан бәйгенің жеңімпазы 1 млн. теңге алды

Қаратөбе ауданының90 жылдық мерейтойына екінші күні өткен дала қызықтарына ұласты. Оған БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысып, мерекемен құттықтады.

dala qyzyzqtary (1)

Ғабидолла Абдоллаұлы ауданды өркендетуге елеулі үлес қосқан ардагерлерге облыс әкімі Алтай Сейдірұлының атынан алғыс хат табыстады. Олардың қатарында Орынғали Ермекқалиев, Әзербай Кенжеғалиев,Зайзағат Бөлеғалиев, Орынғали Дүйсенғалиев, Жақан Оразов, Ертай Сердалин, Болат Хамиев бар.

Одан соң аудан әкімі Жанат Асантаев аудан өміріне белсене атсалысып жүрген бір топ кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілерін алғыс хатпен марапаттады.

Дала қызықтарын көруге келген қонақтар мен аудан жұртшылығы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Шарада лоторея ойнатылып, ұтысқа тоңазытқыш, шаңсорғыш,еттартқыш, велосипед, кондиционер, теледидар, ұялы телефон, планшет тағы да басқа сыйлықтар берілді.

Бұдан соң халық назары тайжарыс пен аламан бәйгеге ауды. Тай жарыста 13 тай бақтарын сынады.

Алты шақырымға созылған тай жарысында ақтөбелік Нұрлыбек Баламбетовтың «Қарашаш» атты тайы бірінші келсе, ақтөбелік Жандос Жылқыайдаровтың «Дастарқаны» ІІ орыннан көрінді. ІІІ орынға жымпитылық Арсен Жұмағазиевтің «Гумері» табан тіреді.

Халық асыға күткен 8 айналымға созылған 25 шақырымдық аламан бәйгеде Теректі ауданынан келген Яша Липнаудың «Сильвия» атты сәйгүлігі басқалардан қара үзіп, бәйгенің І орынына тігілген 1 млн. теңгені еншіледі. ІІ, ІІІ орындарды арналған жүлдені атыраулық азамат Олжас Шомышовтың «Әминасы» мен оралдық Борис Меңдіғазиевтің «Қарагері» бөлісті.

Дала қызықтары қазақ күресі, аударыспақ, теңге алу, гір тасын көтеру, түйетартыс сынды ұлттық спорт түрлерімен жалғасты.

Аламан бәйгеден соң көрермендер назарын қазақ күресіне аударды.

Боз кілемге жер-жерден келген балуандарға жанкүйелер қолдау көрсетіп, қиқуымен дем берді. Жонның жота асуындай иықты балуандар боз кілемде бірін-бірі алып та, шалып та жықты. Нәтижесінде қарсыластарына жауырынын жер иіскетпеген бөрлілік палуан Темірлан Көлбай І орынды иеленді.

Қой көтеру сайысында салмағы 35 келі қойды 80 рет көтерген көрші Сырым ауданынан келген Темірлан Ғаббасов қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, гір тасын көтеруде ақтөбелік Асқар Жұмағамбетов І орын, бұқа тартыста І орынды қаратөбелік Фархат Қалиев, ұлттық спорт түрінен аударыспақта ат үстінде отырып, өзінің ептілігі мен күштілігін көрсетуде І орыннан Жанәділ Ғазезов (Ақжайық ауданы) көрінсе, спорттық сайыстың соңғы ойыны теңге алуда өзінің шапшаңдығы мен ептілігін көрсеткен Жанәділ Ғазезов (Ақжайық ауданы) І орынды еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы жетекшілері демеушілік жасады.

Ерболат РАЙСОВ,

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА

Қаратөбе ауданы

  1. dala qyzyzqtary (5) dala qyzyzqtary (6) dala qyzyzqtary (4) dala qyzyzqtary (7) dala qyzyzqtary (3) dala qyzyzqtary (2)
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале