29.01.2018, 12:01
Оқылды: 27

Қаратөбеде ауыз сумен қамтылу 90 пайызға жетеді

Аудан-ауыл әкімдерінің кезекті есеп беру жиналысы Қаратөбе ауылдық округінде жалғасын тауып, округ бойынша тұрғындар мәселелері  тыңдалды.

Округтегі өткен жылғы атқарылған жұмыстарды баяндап, әр саладағы қол жеткізген жетістіктерге де тоқталған округ әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев:

–Қаратөбе-Шөптікөл және Қаратөбе ауылының Датұлы, Сейфуллин, Нысанов, Бекімов көшелеріне барлығы 7 шақырым 385 метрге электр шамдары орнатылып, пайдалануға берілді. Қаратөбе ауылының Мұхит, Датұлы, Нысанов, Ленин көшелеріне жаяу жүргіншілер жолына жобалау сметалық құжаттары жасалды.

Округте өнім өңдеу саласы бойынша жұмыс жасап тұрған  7  шағын цех бар. Оның 3-уі тамақ өнімдерін, 4-уі тұрмысқа қажетті өнімдерді өндіреді. 19 адам жұмыспен қамтылған, 24 млн. 682 мың теңге көлемінде өнім өндірді.

2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында үш жоба іске қосылды. Соның ішінде жеке кәсіпкер Н.Батыралиев  аудан орталығынан автокөліктерге газ құю станциясының құрылысын аяқтап, 2 жаңа жұмыс орнын ашып, бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсетуде, - деді округ әкімі.

Ауыл тұрғындары алдында сөз алған аудан әкімі Жанат Асылханұлы 2017 жылы ауқымды атқарылған жұмыстар мен жоспарларды баяндады.

- Қаратөбе  ауданы аумағында 41 шақырым облыстық маңызы бар, 215,2 шақырым аудандық маңызды жолдары бар. 2017 жылға аталған жолдарға ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын «Бақыт жолдары» ЖШС атқаруда. Қаратөбе ауылының 11 көшесінің 9,3 шақырымды құрайтын жолдарына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 10,8 млн теңгеге ЖСҚ жасақталды.

Сонымен қатар Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана ауылдарының су құбыры құрылыс жұмыстары аяқталған соң, тұрғындардың орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 90 пайызға жетеді деп жоспарлануда.

Биылғы жылы ауданға жұмыс істеуге келген білім, ветеринария, әлеуметтік және спорт салалары жас мамандарына қолдау көрсету мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 36 маманға 5,7 млн теңге көтерме ақы беріліп, 36 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе үй салуға 102,2 млн теңге көлемінде несие берілді, - деп аудынның барлық салаларында атқарылған жұмыстар мен жетістеріне де тоқталды.

Жиын соңында ауыл тұрғындары аудан-округ әкімдерінің атқарған жұмыстарына оң баға берді.

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауылы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале