24.01.2020, 18:01
Оқылды: 179

Қаратөбеде Бақытжан Қаратаевқа арналған шара өтті

Қаратөбе аудандық Мұхит Мералыұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Алаштың ардақты ұлы, көрнекті мемлекет қайраткері, алғашқы қазақ заңгері, ағартушы, демократ Бақытжан Қаратаевтың туғанына 160 жыл толуына байланысты «Айтулы дара тұлға» атты шара өтті.

qaratobe muzei (2)

Аталмыш шараны музей меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Құмарұлы кіріспе сөзбен ашып, бейнеролик арқылы жерлесіміз Бақытжан Қаратаевтың еңбек жолымен және оның 150 жылдығына орай 2010 жылы шығарылған буклет кітаппен таныстырды.

Бақытжан Қаратаев 1 860 жылы Қаратөбе ауданы, Ақбақай ауылында дүниеге келген. Ол Орынбор  гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, 1890 жылы аталмыш оқу орнын 2-дәрежелі алтын медальмен үздік бітіреді.

Одан кейін Петербургта, Кутаисида, Орынборда тергеуші болып қызмет атқарса, 1 897 жылдан Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болған. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап, сөз сөйлеген. 1907–1916 жылдары ағартушылық жұмыстармен айналысып, «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналын шығаруға көп көмектеседі. 1917 жылы болшевиктер партиясы қатарына өтіп, 1918 жылы облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланған. Сондай-ақ Орал облысы ревкомның құрамында ұлттар коллегиясын басқарса, 1919 жылы 24 шілдеде Қазақ әскер ревкомның мүшелігіне тағайыңдалады. Ал 1920 жылдың 4-12 қазанында Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 1-съезіне делегат болған ол Қазақ АКСР-і еңбекшілерінің құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан. Кейін Қазақ АКСР-ның заң комиссары қызметін атқарып, Кеңестердің Бүкілқазақстандық ІІ съезіне де делегат болған.

Ел үшін туған қайран ер 1927 жылы өз еркімен партия қатарынан шығып, 1934 жылы Ақтөбеде қайтыс болған.

qaratobe muzei (3)

Жиында Б.Қаратаевтың тарихтағы орны, қазақ елінің болашағы үшін атқарған игі істері турасында Қаратөбе колледжінің мұғалімі Бекайдар Ақташев, Б.Қаратаев атындағы Саралжын мектебінң тарих пәнінің мұғалімі Мейрамбек Бөлтеков, Мұхит атындағы ОЖББМ оқушысы Жақсат Нұрболат өз ойларын ортаға салса, Б.Қаратаев атындағы Саралжын мектебі жанынан ашылған «Қасиет» музейінің директоры Салтанат Мырзахметова даңқты жерлесіміз туралы өткізілген шаралар жайлы әңгімелеп берді.

Шараға қатысқан «Nur otan» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Оразов пен Б.Қаратаев атындағы Саралжын мектебінің директоры Бағдат Зайнуллин шараны ұйымдастырған музей ұжымына өз ризашылықтарын білдірді.

 

Ерболат Райсов

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңізде

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале