28.11.2017, 17:06
Оқылды: 20

Қаратөбеде балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды

 

Қаратөбе аудан аумағындағы 24 мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 633 бала тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Бұл туралы өңірлік Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев мәлімдеді.

Жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген аудан әкімі әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті.

-Аудан бюджеті биыл 3 630 045,6 мың теңгені құрады. Он айда өндірілген өнеркәсіп өнім көлемі 709,7 миллион теңге болды. Соның ішінде ауылшаруашығы бойынша өндірілген өнім көлемі 5 341,7 млн теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 497,0 млн теңге болып, былтырғы жылмен салыстырғанда 254,7 пайызға артты. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 31,9 мың теңге болса, бөлшек тауар айналымы 2 111,3 млн теңгені құрады,-деді Жанат Асылханұлы.

Ауданда асыл тұқымды мал басы санын арттыру мақсатында жұмыстар қолға алынуда. Бұл бағытта аудан шаруашылықтары 223 бас асыл тұқымды бұқа және екі шаруашылық 148 бас қазақтың ақбас сиыры асыл тұқымды малын сатып алған.

Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 147 бас ірі қара мал, қой шаруашылығын дамыту мақсатында бір шаруа қожалық 300 бас асыл тұқымды саулық, 7 шаруа қожалығы 191 бас асыл тұқымды қошқар сатып әкелген. Аудан бойынша 10 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі тіркеліп, жұмыс жасауда.

«Қызылжар-2», «Тобылғы», «Бесотар», «Қаратөбе-2017» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері ірі қара малын тұқымдық түрлендіру, мал бордақылау жұмыстарымен шұғылдануда. Соның ішінде «Қаратөбе-2017» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің құрамы бүгінгі күні 43-ке жетіп отыр. Бұл кооперативтің 35 мүшесі 97,9 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бордақылауға 503 бас ірі қара малын алған. Сонымен қатар Қаратөбе ауылының аумағынан «Қоржын» шаруа қожалығы 100 гектар жер алып, ауысымына 30 бас ірі қара малын союға қауқарлы мал сою бекетінің құрылысын жүргізілуде. Аталмыш нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале