9.04.2018, 15:24
Оқылды: 20

Қаратөбеде денсаулық фестивалі өтті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай Қаратөбе ауданының орталығындағы алаңда аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау және нығайтуды, олардың салауатты өмір салтын ұстану жауапкершілігін арттыруды мақсат тұтқан биылғы жылғы денсаулық фестивалі «Сау болу - сәнді!» ұранымен өтті.

Аталмыш акцияны аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан кіріспе сөзбен ашып, акцияға қатысушыларға зор денсаулық, сәттілік тіледі.

- Спорт - денсаулық кепілі. Адамның денсаулығына дәрігерлер тарапынан 6-7 пайыз ғана көмек болатын болса, қалғаны адамның өзіне қатысты. Салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану адам денсаулығының сақталуына үлкен ықпал етеді. Ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүр атқа отырудың да маңызы зор. Оның адам денсаулығына пайдасы өте көп. Атқа отыра білетін баланың өзге балаларға қарағанда өзіне деген сенімділігі зор болады. Аудан орталығында фитнес клубы ашылып, оған ерлермен қатар әйел адамдардың көптеп қатысуы көңіл қуантады. Алдағы уақытта ат спортын дамытуға да үлкен көңіл бөлмекпіз, - деді аудан басшысының орынбасары Жасұлан Кәрелұлы.

Тұрғындарға тегін медициналық кеңестер беріліп, жаттығулар жасалды. Сонымен қатар орталық алаңда аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің «Денсаулық қалашығы» қызмет көрсетті.

Акцияға қатысушылар 3 шақырымды жаппай жүгіріп өтті.  Марафонға қатысулар қатарында мекеме басшылары мен қызметкерлері, мектеп оқушылары, аудан жастары болды.

Ерболат РАЙСОВ,

                                                                       Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале