6.12.2017, 11:20
Оқылды: 31

Қаратөбеде Донеділ Қажымовтың кеші өтті

Қаратөбе ауданында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымовтың «Ақ Жайық – ару мекенім» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық кештің шымылдығы өнер иесінің өмірі мен еңбек жолына тоқталудан басталды.

Алдымен, Д.Қажымовтың әндерін орындаушылардың ІІ республикалық ән фестивалінің бірінші орын иегері Бекей Қанатов «Жарқын жаз, қайдасың?», «Сағыныш» әндерін орындап берді.

Ән кешінде ән салған Донеділ өзінің авторлық сиясы кеппеген «Қадыр ақын қыран жыр» және  «Ата» әндерін шығу тарихына тоқтала отырып шырқады.

Әсерге толы шығармашылық кеште Д.Қажымов аяулы жары ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Дәукенова екеуі домбыраның сазымен «Шалқымалы», «Өшпес шырақ», қырғыздың «Күлгін шаш» әндерін әуелетсе, эстрадалық жанрда «Сағындым, сағым жылдар», «Анаға сәлем!», «Екеуміз» әндерімен көрермен көңілін көтерді. Өнер кешінде жерлес әнші Алмагүл Жұма «Мен туралы ойладың ба?», «Өмір бағым» әндерін орындады.

Шығармашылық сапарын «Ақжайық – ару мекенім» әнімен қорытындылаған өнер иесі барша көрерменге алғысын жеткізді.

Концерт соңында сөз сөйлеген Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев кеш иесінің шығармашылығына сәттілік тілеп, аудан халқының атынан алғыс білдіре отырып, сый-сияпат жасады.

 Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале