9.12.2019, 11:15
Оқылды: 108

Қаратөбеде футболдан жарыс өтті

Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасы Прокуратурасы күні мерекесіне арналған шағын футболдан мекеме аралық жарыс өтті.

qaratobe 1 (2)

Мерекелік спорттық шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов спорттық жарысқа қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

Мереке құрметіне орай өткен мекеме аралық жарыс 12 команда арасында тартысты өрбіді.

Ойын барысында аяқдопшылар тыңғылықты әзірлікпен келгендерін байқатты. Тиісінше қатысушылар алаңда тартысты ойын өрнегін көрсете білді.

qaratobe 1 (4)

Жарыс қорытындысында жүлделі І орынды аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы иеленсе, ІІ орынды «Қаратөбе» спорт клубының командасы еншіледі. Ал ІІІ орынды «Батыс энергоресурсы» спортшылары қанжығаларына байлады.

«Жеңіске деген жігері үшін...» аталымымен аудандық орталық аурухананың ойыншылары, мерекелік жарыста үздік ойын өрнегімен ерекше көзге түскен жекелеген ойыншылар арасынан «Қаратөбе» спорт клубтың қызметкері Медетхан Қуанғалиев «Үздік қақпашы», «Батыс энергоресурсы» қызметкері Асылбек Есімғалиев «Үздік шабуылшы», аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ойыншысы Мағжан Серіков «Үздік қорғаушы» аталымымен марапатталды.

Тоты Асқарқызы
Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале