7.12.2017, 12:56
Оқылды: 276

«Қаратөбеде Қайыржан Хасанов атындағы көше болса...»

Кеше Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ақын, белгілі журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың 75 жасқа толу мерейтойына орай «Қаратөбе тарихының Геродоты» атты онлайн кеш өтті.

Қаратөбенің қасиетті топырағынан түлеп, туған жерінің атын алыс аймақтарға паш еткен қаламгер Қайыржан Хасановтың шығармашылығы сан алуан. Қайыржан Хасанов 1942 жылы 2 желтоқсанда Батыс Қазақстан  облысы, Қаратөбе ауданы, Сәуле ауылында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. 1969-1970 жылдары Егіндікөл  орта  мектебінде  мұғалім, 1971-1980 жылдары  аудандық  «Еңбек  туы» газетінің  бөлім меңгерушісі, жауапты  хатшысы, кейін 1981-1991 жылдары аудандық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, 1991-1992 жылдары аудандық «Ұстаз үні» газетінің редакторы қызметтерін атқарды. 1993 жылдан «Еңбек туы» газетінің  бас редакторы лауазымын атқарып, зейнет демалысына шықты.

Қайыржан аға табиғатынан ақын адам. Көрген-білгенін қағазға  түсіреді де, ал жүрекке түйгенін парасатты жырға айналдырды. Әр жылдары Қайыржан ағамыздың  қаламынан туған жер мен өлке тарихына қатысты бірнеше кітаптары жарық көрді. Ақынның «Дала бұлбұлы», «Айтыс – аталық дәстүр», «Қаратөбе – өренді, өнерлі өлке», «Ақын деген – бір бұлақ», «Е.Досқалиев жайлы  сыр», «Ақтаңдақта атылған азаматтар», «Қос батырдың хикаясы», «Қаратөбе – ән мен күйдің ордасы», «Қаратау би», «Дарабоз домбырашы», «Мұхит әнші», «Байғұтты шолаққамыс батырлары», «Ақбақай әуендері», «Аққұм – аңыз бен ақиқат», «Қаратөбе – құт-мекен», «Қаратөбе қазынасы», «Қаратөбе орта мектебінің тарихы», «Молданияз Бекімов» сынды бірнеше кітаптары жарық көріп, оқырмандарға жол тартты.

Тағылымға толы зерделі кеште сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, қызметтес болған замандастары Мәулен Қожахметов, Халық Наурызалин, Ерболат Райсовтар Қайыржан Хасановтың өлке тарихына сіңірген өлшеусіз еңбегіне, еңбексүйгіштігіне, жақсы қасиеттеріне тоқталып, мерейлі жасымен құттықтады.

Шарада мерейлі жасқа орай арнайы жіберілген Талант Арғынғалиев, Ертай Сердалин, Мейрамгүл Нығыметовалардың бейне-құттықтаулары тыңдалды.

Құттықтау лебізін білдірген аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлбану Бердіғалиева әлеуметтік желілерде құттықтауын жеткізген жерлестердің пікірлерін оқып берді.

Кезегінде құттықтауын жеткізген «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директоры Ертай Бимұханов Қайыржан ағаның шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттап, еңбектерін жинақтап басып шығару жұмыстарын жүргізу керектігін және «Қайыржан Хасанов атындағы көше болса...» деген ұсынысын жеткізді.

Кеш барысында жас оқырмандар «Ауылда», «Бақыт», «Аққұм туралы аңыз», «Кешір мені!» өлеңдері оқылып,  «Жан жарым» әні шырқалды.

Оқырмандар назарына «Туған жердің ардақты азаматы» атты кітап көрмесін кітапханашы Динара Тынышқалиқызы таныстырып өтті.

Тағылымды шараның соңында мерейтой иесі Қайыржан Хасанов оқырмандармен тікелей желіде сөйлесіп, лебіз-тілектеріне алғысын білдірді.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале