10.08.2018, 16:03
Оқылды: 90

Қаратөбеде қос кітаптың таныстырылымы өтті

Қаратөбе ауданының 90 жылдығына орай қос кітап, «Құлпытас сырын ашайық» атты жинақ пен «Қасиетті Қаратөбем» фотоальбомы жарық көрді.

Қаратөбе құлпытас (1)

Халықтың ұлттық коды туған жерге, оның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүріне деген ерекше көзқарастан қалыптасады. Батыс Қазақстан облысында ХVIII-XX ғасыр құлпытастарын зерттеу бойынша жұмыстар қолға алынған болатын.

Өлкеміздегі құлыптастарды зерттеу мақсатында Қаратөбе ауданы әкімшілігінің қолдауымен барлық ауылдық округтердегі көне қорымдар есепке алынып, суретке түсіріліп, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аудан аумағындағы араб әліпбиінде жазылған ескі қорымдардағы құлыптастар кириллицаға аударылды. Сонымен қатар мазарлар, кесенелердің суреттері де қамтылған.

«Құлпытас сырын ашайық» жобасының жетекшісі Жантас Сафуллин, құлпытастарды араб әліпбиінен аударған Гүлмару Мырзағалиева, Мұратбек Жахатов, Қазбек Қабжан.

Қос кітаптың лентасын ақын Шолпан Қыдырниязова мен өлкетанушы Тілекқабыл Сағынов қиды.

Таныстырылымда сөз сөйлеген М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев пен ауыл ақсақалы Мәулен Қожахметов қос жинақтың ел тарихы үшін құнды дүние екендігіне тоқталып, жоба жетекшісі Ж.Сафуллинге ризашылықтарын білдірді.

– Көне құлпытастарды зерттеу барысында үш ханның, батырларымыз бен билеріміздің, басқа да тарихи тұлғаларымыздың жерленген орындары табылды. Нәтижесінде ауданнан 73 қорым қаралды. 433 құлпытастың 113-і жазуларының өшуіне орай оқылмады. Оқылған құлпытастардың ішінде сегіз рудың өкілдері болды және екі құлпытастың әрқайсында Уфа, Қазан деп көрсетіліпті. Тарихымызды түгендеу барысында суретке түсірілген құлпытастың барлығын бірдей оқу мүмкін болмады. Себебі көпшілігінің сақталу деңгейі өте төмен, күн мен жаңбырға, желге мүжілген, сынған, жазулары көрінбейді, - деді жоба жетекшісі Жантас Сафуллин.

Ал «Қасиетті Қаратөбем» фотоальбомында Қаратөбенің ғимараттары мен көрікті жерлері, табиғатының суреттері топтастырылған. Айта кетерлігі, сыртқы мұқабасында жинаққа енгізілген материалдар туралы мәлімет беретін QR-код бар.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

Қаратөбе құлпытас (2)

Қаратөбе құлпытас (3) Қаратөбе құлпытас (4)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале