11.05.2018, 17:26
Оқылды: 73

Қаратөбеде Құмарғали Ғұбайдуллиннің шығармашылық кеші өтті

IMG_7769Бүгін Қаратөбе ауданында облысымызға танымал айтыс ақыны, білім беру саласының ардагері, жерлесіміз Құмарғали Ғұбайдуллиннің «Өміршең өнердің құдіреті» атты шығармашылық кеші өтті.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы рухани құндылықтарға жетелеп, білімнің салтанат құруы мен ұлттық өнерді дәріптеп, сананың ашықтығына үндейтіні белгілі. Бүгінгі кеш соның айғағы іспетті.

Талай аламан додаларда қолына үкілі домбырасын алып, қалам тербеп жыр жазған ел ардақтысы, жерлесіміз Құмарғали Ғұбайдуллинді және кеш қонақтары ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріковті алдымен аудан әкімі Жанат Асантаев қабылдап, «Қош келдіңіз!» айтып, мәдениет пен өнер турасында әңгіме өрбітті.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен ақын-ұстаздың шығармашылық кешіне халық көп жиналды.

Кеш шымылдығын ашып, сахна төріне көтеріліп, алғаш құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асылханұлы:

IMG_7752- Бүгінгі күні Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдемі кештің куәсі болып отырмыз. Қасиетті Қаратөбе топырағынан талай дарынды, өнерлі тұлғалардың түлеп ұшқанын білесіздер. Ортамызға елдіктің туын көтерген ақындарымыз келіп отыр. Өңірімізге белгілі айтулы тұлғалардың қатысуымен тағылымды кеш оздырылуда. Жас ұрпаққа елден шыққан аға-апаларымыздың шығармашылығын насихаттап отыру біздің міндетіміз болып саналады. Құмарғали ағамыздың өмір жолы өнегеге толы. Сізге еліміздің дамуына, аудан мәдениетіне, өнеріне, білім беру саласына қосқан үлесіңіз үшін аудан халқы атынан алғыс айтамын, - деп Құмарғали Ғұбайдоллаұлының иығына шапан жауып, аудан халқы атынан тұлпар мінгізді.

Кезегінде сөз алған кеш иесі, танымал айтыс ақыны, білім беру саласының ардагері Құмарғали Ғұбайдуллин үлкен құрмет-қошеметпен қарсы алған жерлестерінің ықылас-пейіліне алғыс айтып, Қаратөбеге арналған арнауы мен «Дала дауысы» атты жыр жинағынан бірнеше өлеңін оқып берді.

Өнер кешінде әнші-термеші Нұршат Исламғалиев Мұхиттың әні «Айнамкөз», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сүйген жар» әнін шырқап берсе, айтыскер жас ақын Райымбек Өтепов ақын атасына арнауын арнады.

Тағылымды шарада сөз сөйлеген кеш иесі Құмарғали Ғұбайдуллиннің шәкірті, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, айтыс ақыны, жерлесіміз Шолпан Қыдырниязова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әзербай Кенжеғалиев, ұлағатты ұстаз, ақын Гүлбағида Қорғанова, айтыс ақыны Жалғас Жантілеуовтер естеліктер айтып, ұлттық ақындық өнер турасында ойларын ортаға салып, замандастары Құмарғали Ғұбайдоллаұлының шығармашылығына шалқар шабыт тіледі.

Кешті Қазақстан Республикасының ақпарат саласының үздігі, белгілі ақын Ертай Бимұханов жүргізіп отырды.

Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері Сәнжан Байтеміров пен Аяжан Смағұлова «Қоскөл кеші», «Гурьевте гөзал қыз» әндерін шырқаса, мектеп оқушылары Құмарғали Ғұбайдуллинің өлеңдерін жатқа оқып берді.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале