22.08.2018, 12:16
Оқылды: 31

Қаратөбеде өткен Құран оқу сайысында дәрігер мен әкімдік қызметкері жеңімпаз болды

Мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі – Құрбан айт мейрамына орай Қаратөбе аудандық мешітінде «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаты арасында «Оқы, Жаратқан Раббының атымен оқы!» тақырыбында Құран оқу сайысы өтті.

Бұл шара жас ұрпаққа асыл дініміздің имандылық құндылықтарын насихаттау, ізгілер жолын кейінгі жас буынға жеткізу, Құран сүрелерін үйреніп, оқуға ынталандыру мақсатын көздеген.

Тағылымды шарада аудандық мешіт имамы Әділжан Бекқазиев құттықтау сөз сөйлеп, Құран құндылықтарының екі дүниелік мәнін еске салып,  іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Құран жаттаудың артықшылықтарын тілге тиек еткен имам қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа аудандық мешіт имамы Әділжан Төлебайұлы және теолог маман Әмірбек Жәнібеков қазылық етті.

Сайыста қасиетті Құранның «Духа», «Асыр», «Сил», «Нас», «Қадыр» сүрелері оқылып, әділқазы алқасы  үміткерлердің жаттау қабілетіне, дұрыс оқу ережелеріне баға берді.

Құран сайысында аудандық орталық аурухана дәрігері Бейімбет Ғабдырашов І орынды иеленді. ІІ орынды аудан әкімі аппаратының маманы, мешіт жамағаты Әлібек Қанафин алса, ІІІ орын Азамат Оңдағановқа бұйырды. Сайысқа қатысушылар дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Шара аудандық мешітте бата беру сайысымен және ұлттық ойындармен  жалғасады.

 Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале