27.12.2019, 10:45
Оқылды: 59

Қаратөбеде мал ұрлығы тыйылмай тұр

«Мал-жан аман ба?» деп саулық сұрасатын ауыл адамының қолға мал ұстайтыны айдан анық. Ет – халқымыздың күнделікті қолданатын ең негізгі тағамының бірі. Төрт түліктің етін, сүтін азық етеміз, ал оны бағуға келгенде қиынсынамыз. Қаратөбе ауданында бағым өз деңгейінде ұйымдастырылмағандықтан, әлі күнге мал ұрлығы тыйылмай тұр.    

Биылғы қыстың басы жылы болып, желтоқсанның ортасына дейін мал далада жайылды. Сол себепті ауылдағы ағайынның қысқа дайындаған жемшөбі едәуір үнемделді. Қар жауып, қыз күшіне енгенде малды қорада ұстайтын кез де келер. Осы уақытта «Жесем тамақ, мінсем көлік, кисем киім» деп отырған жұрт қорадағы малын қолды қылып,  сан соғып қалып жатады.

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Қайрат Хасеновтің айтуынша, аудан көлемінде өткен жылы мал ұрлығы бойынша 23 қылмыстық іс тіркелген. Өткен жылдардан қалған қылмыстық істер ашылып, биыл тіркелгендері бар, жылдың осы кезеңіне дейін барлығы 43 қылмыстық іс аудандық сотқа жолданған. Жалпы мал ұрлығына қатысты қылмыс аудан орталығында көп тіркелген.

 –Мал иелері малды бағу өз алдына, тіпті бағымды ұйымдастыруға құлықсыз. Бақташы шықпайды. Қараусыз жүрген мал жол қозғалысына да зиянын тигізеді. Ауыл ішіне кіріп көшені ластайды, саябақтарда жайылады.

Көктем шыққан сайын бағымды ұйымдастыру мақсатында тиісті орындармен бірлесіп ауыл тұрғындарымен бірнеше рет жиналыстар өткіздік, – дейді полиция бөлімінің бастығы Қайрат Хасенов.

Биыл орталықта ірі қара бір бағытта ғана бағымда болып, желтоқсанның бірінде тоқтады. Содан бері сол көшенің тұрғындары өзара келісіп, сиырды кезекпен бағуды ұйымдастырды. Бақташының болғаны тиімді, болмаған жағдайда қалған барлық бағытта да тұрғындар осылай ұйымдасса, мал бағымсыз қалмас еді. Яғни ұрлыққа тосқауыл қоюға ықпалы тиер еді.

Қазір шаруашылықтар қой-ешкісі мен ірі қараларын бақташыға бақтырады. Бәріне бірдей топырақ шашу мақсат емес, олардың ішінде малды бірге жүріп қарасып, бағымға зор мән беретіндері де бар. Асыл тұқымды қой өсіріп жатырған Аққозы ауылдық округіндегі «Досжан» шаруа қожалығының жетекшісі Досжан Қонысұлының шаруашылығындағы қойларын өзі қарайлайтыны өзгеге үлгі боларлық.

Соңғы кездері жекелеген тұрғындар өз ауласында мал қарайтын күтушілерді ұстауды әдетке айналдырып келеді. Осындай кәсіппен айналысып, нәпақасын тауып жүрген жігіттердің айтуына қарағанда, мал күтушіге әркім әр қалай ақша төлейді екен. Келісіліген еңбекақысын уақытында төлеп, екі жақты байламға сай мал күтімі ұйымдастырылса, оның не айыбы бар? Күтуші малды жауапкершілікпен қарайласа, адал еңбекке тиісті төлемақысы неге берілмеске? Алайда көбіне бұл іске ниеттілер ауладағы мал басына қарай белгіленетін бағаға келіспейтін сынды.

Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылында жаздан бері мал ұрлығы өршіп тұрғанын, бұрын бұл өңірде мұндай жағдай көп кездеспесе, қазір малды далада атып алып, сойып алу фактілері жиілегенін ауыл тұрғыны Нұрлан Тұяқбаев алға тартады.

 – Маусым айының 18-і күні інім Талғат малын түгендеп, ертесіне шаруаларымен Орал қаласына кетті. Келген соң, яғни 22 маусым күні малын түгендегенде 3 бас құнан өгізінің жоқ екенін байқайды. Айнала іздестіргенімен, табылмады. Сонымен, яғни 3 шілде күні осы жайылымнан 4 бас ірі қара малының ішек-қарны табылды. Жоғалған мал туралы дер кезінде Сулыкөл ауылдық инспекторы Е.Қадырға хабарлап, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері келіп тергеу жүргізгенімен, еш нәтиже шықпай отыр. Жалпы ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің «Далада жоғалған малға жауап бермейміз» дегені ұрыларға демеу болғандай көрінеді. Сонымен бірге, жолдағы полиция бекеттерінің алынып тастауы, мал базарындагы бақылаудың жоқтығы, мал ұрлауды оңайлатуға септігін тигізетін сияқты, - дейді Н.Тұяқбаев.

БҚО ПД-ның 20 шілдеге дейінгі мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері Қаратөбе ауданы аумағында мал ұрлығының 9 фактісі тіркелген. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қазіргі таңда мал ұрлығы фактілері әлі де орын алуда. Осыған байланысты Қаратөбе аудандық Пб-ның криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, тергеу қызметкерлері арасынан жұмыс тобы құрылып, мал ұрлығы қылмыстарын ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ ашылмаған қылмыстарды ашу БҚО ПД басшылығының қатаң бақылауында екен. Өткен жылдың қараша айында бір қылмыстық топ қолға түскен. Бұл топ 2015-2018 жылдары Қаратөбе ауданы аумағынан мал ұрлаумен айналысқан. Тергеу барысында Е., О., С. есімді Қаратөбе ауданының тұрғындары мал ұрлығымен айналысқаны анықталған.

Ерболат Мырзағұлұлы

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале