29.05.2018, 11:11
Оқылды: 42

Қаратөбеде «MEN QAZAQPYN» жобасының іріктеу кезеңі өтті

Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығында «MEN QAZAQPYN» атты халықаралық телевизиялық мега жобасының аудандық іріктеу кезеңі өтті.

Жоба еліміздің түпкір-түпкіріндегі дәстүрлі әнші, термеші, күйшілердің басын бір арнаға тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектебінің таңдаулы туындыларын дәріптеу мақсатында атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз – күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатын көздейді.

Байқаудың аудандық іріктеу кезеңінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихи мен өмірі, тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық-әлеуметтік қатынастары және жалпы ұлттық болмысы көрініс тапқан ұлттық өнерді дүйім жұртқа дәріптеп жүрген өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Бабалар мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу бағытында ұйымдастырылған халықаралық телевизиялық мега жобаға Қаратөбе ауданынан 10 үміткер қатысып, дәстүрлі ән, күй және терме жанрлары бойынша сынға түсті.

Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен өткізілген жобаға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сайран Темірғалиұлы, облыстық «Халық шығармашылығы орталығы» әдіскері Батырхан Ғалымжанұлы, «QAZAQSTAN РТРК» АҚ-ның БҚО филиалының директорының орынбасары Клара Мусақызы және аудандық саз мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанболат Сисенғалиұлы қазылық етті. Байқау қорытындысында  дәстүрлі ән жанры бойынша Дихан Қауенов, терме жанры бойынша Нұршат Исламғалиев, күй жанры бойынша Амангелді Сұлтанов облыстық кезеңге жолдама алды.

Байқау барасында халық әні және Қазақстан композиторларының «Ақ сұңқар»,  «Сәлем, Қазақстан!», «Теріскей» сынды дәстүрлі әндерінен бөлек, «Көңілашар», «Сылқым қыз», «Бозінген», «Әке толғауы» күйлері, Сартайдың термесі, Сыпыра жыраудың термесі, Ғ.Құрманғалиевтің «Ақжайық», «Еңбек термесі» орындалды.

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале