11.07.2019, 12:03
Оқылды: 242

Қаратөбеде республикалық ән байқауы аяқталды

Қаратөбе ауданында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған ІV республикалық «Жезтаңдай, күміс көмей ән дүлдүлі» атты дәстүрлі әншілер байқауы қорытындыланды.

110 (4)

Байқаудың қорытындысында сөз сөйлеген Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев өнер додасында төрелік еткен қазылар алқасы мен барша үміткерлерге алғысын жеткізді. Аудан басшысы Алматы қаласынан арнайы келген Ғ.Құрманғалиевтің ұлы Санат Құрманғалиевке, келіні Ләйлә Қабылқайырқызына, немересі Меруерт Санатқызына құрмет көрсетіп, иықтарына зерлі шапан жапты.

Еліміздің әр өңірінен келген 22 үміткер байқау көрігін қыздырып І кезеңде Ғарифолланың бір әнін, Мұхиттың жоғары диапазонды әндерінің бірін және қатысушы өз аймағының әнін орындау шарты қойылды.

Байқаудың алғашқы кезеңінің шарттарын мүлтіксіз орындаған 12 үміткер келесі кезеңге жолдама алды.

Екінші кезеңде жоғарғы дауыс ырғағы мен орындаушылық шеберлігін көрсете білген Айдана Қаржаубаева (Нұр-Сұлтан қаласы) байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. І орынды Берік Амантаев (Атырау қаласы) иемденсе, жүлделі ІІ орынды Данияр Елеуов (Ақжайық ауданы) пен Нұрым Асқанов (Ақтау қаласы) еншіледі. Дәстүрлі әншілер байқауында ІІІ орынды Әділет Күзембаев (Ақтөбе), Армат Алдамжаров (Сырым ауданы), Нұршат Исламғалиевтар (Қаратөбе ауданы) өзара бөлісті.

110 (3)

Жезтаңдай әнші атындағы байқаудың дипломанты атанған Бейбіт Қажығалиев, Тілек Базаров, Кенесары Мизамов, Жұлдыз Сүндетқалиева, Әзімхан Баймағамбетовтер ақшалай сыйлыққа ие болды.

ҚР Халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы Қажыбек Бекбосын:

– Бұл – өнер мейрамы. Ұстазымыз Ғарекеңнің аруағына табынған күн. Түкпірдегі Түркістаннан келіп ұстазыма арналған байқауда төрелік еткеніме қуаныштымын. Бірақ, өнерді қадірлеп, өнерді түсіне білетін жерге өнерпаздың келгісі келіп тұрады. Бізден кейінгі ұлттық өнерді жалғастырушы осы сахнада тұрған өнерпаздар. Бәріміз де қарапайым отбасынан тәрбиеленген қара табан бала болдық. Осы деңгейге жеткізген әуелі Алла, екінші ұстазым – Ғарифолла Құрманғалиев. Біздерді көрген, осы өнерді көрген талантты жастарымыздың санасында Ғарекеңнің аты өшпек емес, - деді.

110 (5)

Мәдени шараның гала-концертінде біртуар дарын иесі Ғ.Құрманғалиевтің төл шәкірттері Қажыбек Бекбосын, Хайдар Өтеғалиев, Қапаш Құлышева дәстүрлі әндерді әуелете шырқаса, Гүлмайдан Сүндетова Ғарекеңе арналған «Ағаны аңсау» әнін орындап берді.

110 (6)

Кеш барысында байқауға қатысушы Данияр Елеуов Алматыдан арнайы әкелінген Ғарифолланың өзі ұстаған домбырамен Таңжарбайдың әні «Бағиланы» орындап берді.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале