25.05.2018, 20:39
Оқылды: 32

Қаратөбеде соңғы қоңырауға арналған шара өтті

IMG_20180525_202836Бүгін Қаратөбе ауданының орталығында орын тепкен Мұхит атындағы орта мектебінің 2017-2018 оқу жылының соңғы қоңырау салтанаты «Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла, соңғы қоңырау!»  деп аталып, болашақ маман иелерін мектеп қабырғасынан түлеп ұшырды.

Салтанатты жиында алдымен мектеп абыройын өз білімдерімен қорғап, аудандық, облыстық білім додаларында және түрлі байқауларда үздік атанған мектеп мақтаныштары ортаға шақырылды. «Жас өнерпаз» аталымымен Айзат Сағызбай, «Жыл спортшысы» аталымымен Іңкәр Отарғалиева, «Жыл сарбазы» аталымымен Дастан Дегеменұлы, «Жыл лингвисі» аталымымен Нұрсезім Ерланқызы,  «Жыл өлкетанушысы» аталымымен Мерей Бақытжанова, «Жыл қолөнер шебері» аталымымен Нұрай Базарбаева, «Жыл суретшісі» аталымымен Мұқтар Данияр, «Үздік палуан» аталымымен Мұқағали Өтепов, «Жыл көшбасшысы» аталымымен Назерке Ыбыраевалар марапатталды.

Оқу жылының қорытынды салтанатында сөз алған мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Салтанат Қуанышова:

– Биылғы оқу жылы мектебіміз үшін табысқа толы болды. Шәкірт тәрбиелеген ұстаздың да, білімге құштар шәкірттер де аудан, облыс, республика көлемінде бағындырған белестері аз болмады.

2017-2018 оқу жылын 422 оқушымен аяқтап отырмыз. Мектебімізде 98 оқу озаты, 131 оқу екпіндісі бар. Білім сапасы 54 пайызды құрап отыр. Биылғы жылы мектеп табалдырығынан 39 мектеп түлегі тәмамдағалы отыр. Олардың 38-і ҰБТ сынағына қатысуға ниетті, - деді.

Жас түлектердің арманына қанат байлар шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Рана Қазиқызы, ата-ана Қанат Бадақов сөз сөйлеп, ұстаздар мен оқушыларды соңғы қоңырау салтанатымен құттықтап, оқу жылын табысты тәмамдап отырған түлектерге сәттілік тіледі.

Білім ошағына өз үлесін қосып жүрген мектеп педагогтары мен қызметкерлері атынан сөз алған Самал Ыбырайқызы мектеп түлектеріне сәт сапар тілеп, технология бөлмесіне қажетті құралдарды сыйға тартты.  

Ұстаздар мен алтын ұя мектебіне алғысын білдірген мектеп бітіруші түлектер әсем әннің ырғағында вальс толқынына тербеліп, ұстаздарға сый-құрмет жасады.

Шарада соңғы қоңырауды мектеп түлегі, алтын белгі иегері Данияр Амангелді мен 1-сынып оқушысы Жаннұр Жамбылова сыңғырлата соғып, жас түлектердің қимас сезімдерін жеткізгендей әсер қалдырды.

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале