4.12.2017, 14:09
Оқылды: 15

Қаратөбеде үстел теннисінен аудан біріншілігі өтті

Қаратөбе ауданында Тұңғыш Президенті күніне арналған үстел теннисінен аудан біріншілігі өтті.

Спорт додасына Қаратөбе, Шөптікөл, Саралжын, Сулыкөл, Аққозы ауылдық округтерінен ойыншылар қатысты. Аудан біріншілігінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ойын кезінде қатысушылар шапшаңдық пен ептілік, қимылды дұрыс басқарушылық, зейінділікті арттыру, көзбен мөлшерлеу, тез шешім қабылдау, ойлау сынды қасиеттерді ұштастыра ойнай білді.

Үш топқа бөлінген ойыншылар қимыл қозғалыстары ширақтығымен, шабуылдарының шапшаңдықтарымен есеп айырмасын еселей түсті.

Ақтық сынға шыққан әйелдер арасында Ирина Шабдарова мен Ләззат Дүйсенова арасындағы ойын қос спортшының айшықты өнерімен есте қалды. Шеберліктері деңгейлес, бір-бірін бұрыннан жақсы білетін екі  қарсылас ойыны сәл басымдылықпен Иринаның пайдасына шешілді.

Ашық бәсекеде ерлер арасында І орынды Нұржан Таскенов (Қаратөбе), ІІ орынды Досмұхан Хамидуллин (Шөптікөл), ІІІ орынды Медетхан Қуанғалиев (Саралжын) еншіледі.

Ал әйелдер арасында шөптікөлдіктер І орынды Ирина Шабдарова, ІІ  орынды Ләззат Дүйсенова, ІІІ орынды Рысгүл Жанғалиева (Саралжын) иеленді. Ойын барысында «Жас ойыншы» аталымымен ерлер арасында Дамир Әсетов (Қаратөбе), қыздар арасында Тұрсынай Әлібекова (Сулыкөл), «Шебер ойыншы» аталымымен ерлер арасында Қайрат Қизатов (Аққозы), әйелдер арасында Аида Жаманғарина (Қаратөбе) марапатталды.

Үстел теннисінен аудан біріншілігін қорытындылаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мербол Есендосов жеңімпаз-жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтап, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале