29.05.2018, 11:56
Оқылды: 43

Қаратөбеде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек іске асуда

Қаратөбе ауданында «Өрлеу», «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасының жүзеге асу барысы жайында жиын өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтанның төрағалығымен өткен жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау істері басқармасының басшысы Балжан Баяхатова, бүкіләлемдік банк кеңесшісі Қайни Манабаева, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев, басқарманың бөлім басшысы Қайырғали Надырғалиев қатысты.

Жиын барысында сөз алған сала мамандары  2015 жылдан бері бағдарлама «Өрлеу» пилоттық режимінде тәжірибе түрінде жүзеге асырылды және бұл уақыт ішінде өзінің  қажеттілігін және нақты нәтижелерді көрсетті, оның көмегімен көптеген отбасылар қолдау тапқаны жөнінде айты.

Жаңа бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмыстары бойынша облыста, аудандарда  ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің бұрын көрсетіліп келген әлеуметтік көмектерден айырмашылығы, бұл көмекке мұқтаж отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшесінің жекелеген қажеттіліктеріне бағытталған кешенді қолдау екендігін түсіндірді.

Жаңа нысандағы көмек алудың екі түрі қарастырылған: шартты және шартсыз.

Шартсыз ақшалай көмек мүмкіндіктері шектеулі күнкөрісі төмен отбасыларға көрсетілсе, шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасы аз отбасыларға көрсетіледі. Отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір  шартсыз тағайындалып, төленетіндігі жөнінде түсінік берді.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізудегі басты бағыт, әлеуметтік жағдайларын көтеріп, халықты еңбек белсенділігін ынталандыруға жағдай жасау, әлеуметтік төлем негізгі күнкөріс көзіне айналмау керектігі айтылды.

-Биыл қаңтар айынан  бастап барлық жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардын құжаттары қабылданды. Нәтижесінде 121 отбасындағы 578 адамға аталған көмек тағайындалды. «Өрлеу» бағдарламасына ауданымызға 2017 жылы республикалық бюджеттен 5 215,5 мың теңге трансферт бөлініп, 28 отбасы «Өрлеу» бағдарламасына қатысты, - дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқали.

Жиын соңында Сулыкөл, Егіндікөл, Аққозы ауылдық округ әкімдер Берікқали Муса, Қоныс Мұқанов, Абат Зейнуллин ой-пікірлерін білдірді.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале