24.06.2019, 16:42
Оқылды: 244

Қаратөбеде жас ақынның қайырымдылық кеші өтті

Қаратөбе ауданында жас ақын, айтыскер, облыстық, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, Мұхит атындағы мектептің биылғы түлегі Райымбек Өтеповтың «Кеудемдегі құлын жыр» атты алғашқы шығармашылық кеші өтті.

 raiymbek (1)

 Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала дарындары» атты республикалық байқауда «Айтыс» аталымы бойынша бас жүлде иеленген Райымбек осы оқу орнының грантын жеңіп алған болатын.

Райымбек Бекболатұлы 6-сыныптан Қаратөбе балалар шығармашылығы үйі жанындағы «Ақындар әліппесі» үйірмесіне қатысты. Осы кезге дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Тараз, Ақтөбе, Атырау қалалдарында оқушылар арасында өткен республикалық айтыстардың бірнеше мәрте жүлдегері атанды.

raiymbek (2)

Көрермендер сахна төріндегі экраннан өнерпаз өреннің шығармашылық жолындағы еңбектері туралы  әңгімесін, оның биіктерден көрінуіне бірден- бір себепші болған ата-анасының, ұстаздарының, ақ жол тілеген сыныптастарының пікірлерін тыңдап, айтыс жеңімпазының жетістіктері туралы бейне көрсетілімді тамашалады.

Ортаға шақырылған кеш иесі Райымбек Бекболатұлы өзінің шығармашылық кешіне келген жерлестеріне шексіз алғысын білдірді. Әкесі Бекболат Өтепұлының өнер жолында жетістіктерге жетуіне зор еңбек сіңіргендігін жеткізді.

Кездесуде аудан әкімі Жанат Асантаев құттықтау сөз сөйлеп, жас ақынға шығармашылық табыс, ақ жол тіледі.

Райымбектің «Басымды кетірме», «Тәтті ару», «Сары қыз» әндерін жас әншілер Елдос Өтегенов пен Мерей Амангелдиев орындап залдағы өнерсүйер көрермендердің көңілін бір көтеріп тастады.

aitys 2 (3)

Райымбекті жастайынан өнерге баулыған ұстазы Ертай Бимұханов жас ақынның өнер жолы туралы әңгімелеп, шығармашылығына толайым табыс тіледі. Қаратөбелік жас күйші Қайрат Байғұттымен қосылып бірнеше күй орындаған Райымбек көпшілікке күйшілік қырынан да таныла түсті .

aitys 2 (1)

Кеш қонақтары, айтыс алаңының дарабоздары Талғат Мықи, Айнабек Бисенғали, Орынбек Меңдіқұл, Әділ Ахметов, Райымбектің өнер жолындағы жетістіктерін,  жас та болса мықты айтыскер екендігін дәріптеп, оның осындай дәрежеге жетуіне себепші болған ата-анасының, ұстаздарының еңбегін жырға қосты.

Өз кезегінде Райымбек те қарап қалмады. Орайын тауып тамаша жауап беріп, залдағы көрерменді күлкіге кенелтті.

Бекболат Өтепұлы ұлының өнерін дәріптеп, құрмет көрсеткен Қаратөбе ауданының халқына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар шығармашылық кешке түскен қаражат Үндістан елінде емделіп жатқан Жұлдыз Жасталапқызына аударылатындығын айтып, жиналған қаражатты Жұлдыздың анасына берді.

aitys 2 (2)

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Әмірбек Жәнібеков мекеме басшысы Эльдар Амантаевтың атынан Райымбек Бекболатұлын алғыс хат ұсынып, кәде сыйлығын табыстады.

Кеш соңында Өтеповтер отбасы «Ана» әнін шырқап, көрмендер қошеметіне бөленді.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале