16.10.2018, 17:29
Оқылды: 30

Қаратөбеде жыл басынан бері 11 өрт оқиғасы тіркелген

Қаратөбеде БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубековтің және аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің қатысуымен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің жедел кеңесі өтті.

tj (2)

         Кеңес отырысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №16 өрт сөндіру бөлімінің биылғы 9 айда атқарған жұмысы, бөлімшелердегі қызметтік әскери тәртіптің жәй-күйі, техника мен объектілердің дайындығы туралы айтылды.

         Қаратөбе аудандық ТЖБ бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Ысқақовтың айтуынша, аудан аумағында төтенше жағдай оқиғасы болмаған. Жыл басталғалы 11 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың 2-еуі тұрғын үйде, 5-еуі шаруашылық құрылыста орын алған. Екі автокөлік, жеке трактордың 2 тіркемесі және орталық саябақ шөбінің өртену оқиғасы тіркелген. Өрт оқиғасынан адам қазасы жоқ.

         Ауданда 10 дала өрті тіркеліп, 10 079 гектар жер отқа оранған. Ал өткен жылы даладағы құрғақ шөп жануының 45 оқиғасы тіркелген. Бес авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Аудан көлемінде табиғи өрттің алдын алуға ерікті құрылымдар құрылды. Атап айтқанда, 8 елді мекеннен 181 ерікті, 41 техника және 149 аспалы өрт сөндіргіш жиналды. Барлық ауылдық округтердегі ерікті өртке қарсы құрам мен құрал-саймандар тексерілді,- дейді Мэлс Тілектесұлы.

Бөлімдегі өзекті мәселелердің бірі өрт сөндіру бөліміндегі ЗИЛ АЦ-130-40 өрт сөндіру көлігінің ескіргені және жеке құрамның киім үлгісінің тозуы, киім өлшемінің келмеуі болып отыр. Бұл туралы аудандық № 16 ӨСБ-нің бастығы азаматтық қорғау капитаны  А.Таскинов жеткізді.

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

tj (1)

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале