7.12.2018, 11:18
Оқылды: 39

Қаратөбеде «Жыл үздігі – 2018» жастар сыйлығы берілді

Қаратөбе ауданында «Жыл үздігі – 2018» жастар сыйлығы байқауының марапаттау кеші өтті. Дәстүрлі шараға аудан әкімі Жанат Асантаев арнайы қатысты.

qaratobe (2)

Жалынды жастардың мерейін асырған шарада сөз алған Жанат Асылханұлы:

–Жастар болашақ Қазақстанның бейнесі. Жастардың бойындағы білім, адамгершілік, белсенділік еліміздің дамуы мен өркендеуінің кепілі. Қазіргі таңда жастар ел дамуының барлық салаларында айтарлықтай жемісті еңбек етуде. Ауданымызда 3992 жас бар, соның 2200-і түрлі салада еңбек етуде. Жетістіктері де жоқ емес.

Елбасымыз келер жылды Жастар жылы деп атады. Сіздерден алдағы жылы үлкен жетістіктер күтеміз. Талмай еңбектене берулеріңізге тілектестігімді білдіремін, - деді.

 «Үздік жас спортшы» аталымын қазақ күресінен облыстық, аймақтық, республикалық жарыстардың жеңімпазы, Мұхит атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Мұқағали Өтепов алды. «Үздік жас көшбасшы» аталымымен талай сындарда педагогикалық шеберлігін көрсете білген Мұхит атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айзада Дүйсекенова марапатталды. Ал «Үздік жас маман» аталымына республикалық «Талаптансаң тартынба» ақындар байқауының бас жүлдегері, Егіндікөл мектебінің тәлімгері Еркінғали Жұбанов ие болды.  «Үздік жас кәсіпкер» аталымына Аққозы ауылдық округінің жеке кәсіпкері Досжан Ізімов лайық деп танылды. Айта кетейік, Досжан қой шаруашылығын асылдандыру бағытында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, еңбек етуде. «Үздік жас ұстаз» аталымымен өзі де оқушылары да республикалық байқаулардың жүлдегері атанып үлгерген Қаратөбе мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Жадыра Хабибуллина марапатталды.

Талай өнер додаларынан жүлдесіз қайтпаған жас дарын, қазіргі таңда Жамбыл мектебінің география пәнінің мұғалімі Елдос Өтеген «Үздік жас өнерпаз» аталымын еншілесе, «Үздік жас ғалым» аталымы ғылыми-практикалық конференцияларда жетістігімен көзге түсіп жүрген Мұхит атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Жазира Отарғалиеваға бұйырды.

«Үздік жас тілші» аталымымен «Жайық Пресстің» Қаратөбе филиалы -  аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің жауапты хатшысы Ажаргүл Әлиева марапатталса, «Үздік жас студент» арнайы аталымымен «YOUT BUISNESS WEEK» әлеуметтік және бизнес жобалар байқауының І орын иегері, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелері университетінің 2-курс студенті Елдос Иманмәліковке табысталды.

Тағы бір айта кетерлігі, аталған шарада қайырымдылық жәшігіне жиналған қаражат Үндістан елінде емделіп жатқан жерлесіміз Жұлдыз Жасталапқызының еміне берілмек.

qaratobe (1)

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале