4.12.2019, 19:06
Оқылды: 217

 Қаратөбедегі «Билайнның» жырын айт!

Жасыратыны жоқ, қазір ұялы телефонсыз түздегі шаруаң бітпейді, үйдегі ісің жүрмейді. Бір сағатқа телефонымыз өшіп қалса, үлкен олжадан қағылғандай боламыз. Телефонға телмірейін деп телмірмейсің, барлық тірлігің соған кеп тірелген соң амалсыз тәуелді боласың.

 qaratobe bil

Соңғы кезде Қаратөбе ауданындағы «Билайн» байланыс желісі жиі-жиі үзіліп, тұрғындарды әбден әбігерге салып жүргені көпке мәлім. Технология қарыштап дамыған ХХІ ғасырда өмір сүрсек те, білдей аудан орталығында ұялы байланыс желісі әлсін-әлсін жоғалып кетеді дегенге сенгің-ақ келмейді. Ал интернетке кіру үшін түнгі 12-ні күтуге мәжбүрсің.

Осы салаға жауапты шенді-шекпенділерге сенсек, елімізде ұялы байланыс қызметі халықаралық стандартқа сай көрінеді. Олар тіпті қызды-қыздымен «4G жылдамдыққа көшіп болдық, енді 5G-ге көшеміз, сүйтіп әлемдік өркениеттің көшіне ілесеміз» деп жоғары мінберлерден есеп беріп жатқанда, өзімізді басқа елде өмір сүретіндей сезінетініміз рас.

Ауданда осы ұялы байланыс абоненттері мен интернет ресурстарының саны жыл сайын еселеп артып келеді. Алайда әлі күнге дейін саннан сапаға көше алмай отырғанымыз қынжылтады. «Не пайда дүниенің кеңдігінен, аяқта аяқ киім тар болса егер» демекші, егер жаңа заманның игілігін дұрыс көре алмасақ, сан-сапалақ байланыс операторларынан не пайда?

Ауданда соңғы бір ай көлемінде неліктен «Билайн» ұялы байланысы нашарлап кеткеніне тұщымды жауап жоқ. Қызмет көрсету бөліміне хабарлассақ, «телефоныңызды ауыстыру қажет» деп шолақ қайырады. Бұл мәселе атқарушы билік тарапынан сан мәрте көтерілсе де, байланыс операторлары кемшіліктерін түзетуге асығар емес. Осыдан бірер жыл бұрын Елбасы өз Жолдауында да, цифрландыру жөніндегі республикалық кеңесте де экономиканың жедел технологиялық дамуын жүзеге асыру алдыңғы кезектегі мәселе екенін қадап айтты. Одан кейін елді мекендердегі байланыс сапасын арттыруды қатаң тапсырғаны есте. Нәтижесі, міне, бүгінгідей...

Әрине, аудан басында «Билайн» ұялы байланыс қызметінен басқа «Теле2», «Актив» байланыс операторлары да қызмет етеді. Дегенмен, әу баста халықтың басым бөлігі осы байланыс желісіне тіркелкен соң, әбден «бауыр басып», үйренісіп қалғаны түсінікті. Айтылған сыннан нәтиже шығармай, дәл осы бағытты ұстана беретін болса, берекесі қашқан «билайнның» көп ұзамай өз тұтынушыларынан айырылатыны анық.

Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале