12.12.2017, 11:16
Оқылды: 112

Қаратөбелік дәрігер сәби өмірін сақтап қалды

1495446529_article_b_1500_9 желтоқсан Қаратөбе ауданына қарасты Аққозы ауылдық округінің Бесоба ауылынан Қаратөбе аудандық орталық ауруханасына қоңырау түседі. Сол бойда атқа қонған аудандық аурухана дәрігері Мақсот Өтеғалиев медициналық көмек қолын созады.

Бұл жолғы науқастың оқиғасы тіптен жантебірентерлік. Аққозы ауылдық округіне қарасты Бесоба бөлімшесіне іргелес малшы ауылы бар-тұғын.

Малшы ауылындағы Тағыберлі отбасында болған оқиға бойынша 9 айлық сәбиін емізіп отырған ана кенет ұйықтап кетеді. Қаншалықты ұйықтағаны есінде жоқ, оянса, үйде сәбиі жоқ боп шығады. Біреу ойнап ауылға алып кеткен болар деген оймен шамамен 300 метр жердегі Бесобаға барып іздейді. Таба алмаған соң үйге қайта келіп, айналаны қараса, тоғыз айлық сәби қой қораның қасында бүк түсіп жатыр екен…

Сол бойда аудандық орталық ауруханаға қоңырау шалынады. Жедел жәрдем көмегіне жүгінген отбасына дереу жеткен Мақсот Өтеғалиев бастаған дәрігер жедел барған сәтте, сәбидің денесі мұз, анасы өлдіге санап, еңіреп отырған көрінеді.

Дәрігер Мақсот Өтеғалиев болса, сәбидің мұрнына зонт салып, дереу өңеші арқылы жылы шай жібереді. Одан соң жаялықты үтіктеп, денесіне орап, қойнына салады. 15-20 минуттан кейін сәби талықсып барып, оянған көрінеді.

Арада көп уақыт өтпей, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Венера Елеусінова мен білікті дәрігер Мақсот Өтеғалиев жолға шығып, сәбиді облыстық ауруханаға жеткізеді…

- Кішкентай немерем тұңғыш баламның отбасында бес қыздан кейін көрінген ұл бала. Есімі – Төреәлі. Өзі сондай сүп-сүйкімді. Немере тәтті болады ғой. Немереме дер кезінде дәрігерлік көмек жасаған Мақсот Мырзаханұлына Алланың нұры жаусын! Отбасы бақытын, еңбек жемісін тілеймін. Ауданның бас дәрігері Венера Жәукенқызы жетекшілік ететін аудандық аурухана ұжымына айтар алғысым шексіз. Немеремнің қолын үсік шалғаны болмаса, көңіл күйі, жағдайы жақсы. Тамақтануы да қанағаттанарлық дәрежеде. Облыс дәрігерлерінің жіті бақылауында. Сауығып, отбасымызға тез арада оралуын тілейміз! – дейді біз байланыс орнатқан сәбидің атасы Жәндібек Тағыберлі.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале