23.06.2017, 16:37
Оқылды: 21

Қаратөбелік кәсіпкерлердің ісі көпке үлгі

тал-екҚаратөбелік Гүлнар Мусаева, Құсайын Мұқанов сынды кәсіпкерлеріміз көпке үлгі.


Белді кәсіпкер Гүлнар Орынбасарқызы жыл аралығында аудан орталығындағы апатты үйде тұрған 5 отбасыға жаңадан үй тұрғызуға көмек берді. Ол - жыл сайынғы қайырымдылық айлығы шеңберіндегі шаралармен қатар, мәдени, спорттық іс-шаралардың бел ортасынан табылатын, тұрақты демеуші.

Ал Аққозы ауылдық округінің «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Құсайын Ізімұлы ауданның қоғамдық мәдени өміріне белсене араласып, экономика, әлеуметтік бағыттағы шараларға өзіндік үлесін қосып жүрген елжанды азаматтардың бірі. Елге сыйлы жан округтегі аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға қайырымдылық ізгілік шараларын ұйымдастырып, мейірім шуағын ұялатып келеді. Халық қалаулысы шаруа қожалығын дамытумен қатар, жергілікті тұрғындарға әлеуметтік көмек беру мәселесін жіті назарда ұстауда.

2002 жылдан ардагерлерді  жыл сайын  қысқы мал азығымен қамтыса, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл ардагерлері мен Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірлеріне 10-20 мың көлемінде сыйлықтар тарту етіп отыруды игі дәстүрге айналдырған.

2010 жылдан Қ.Ізімұлы “Мектепке жол” бағдарламасы аясында мектептегі 10 оқушыны спорттық киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтып отырады.

Ауыл кәсіпкері Қ.Ізімұлы 2015 жылы Ұзақ күйшінің кесенесін тұрғызуға 600 мың теңге, Қаратөбе ауданының  80 жылдығы мерекесіне байланысты 300 мың, Қаратөбе аудандық мешітінің құрылысына 300 мың теңге қаржылай, қожалығындағы қызметшілерге ақшалай 200-300 мың теңге көлемінде материалдық көмек берді. Аймақты абаттандыру, көгалдандыру, ауылдың инфрақұрылымын  дамыту мәселелеріне де басымдық беріп, қабылданған жобалардың іске асуына қолдау көрсетуде.

Округ  аумағына 800 түп ағаш көшеттерін отырғызып, оны күтімге алуды ұйымдастырды.

Қаратөбе ауданына қарасты Сулыкөл ауылының тумасы, кәсіпкер, қазіргі таңда Украинаның Днепропетровск қаласындағы «Укррезервуарсервис» бас директоры қызметін атқарып жүрген Болат Смағұлов 2014-2015 жылдары Қалдығайты жалпы орта білім беретін мектебінің оқушыларын 11 ноутбук, 2 проектор, интерактивті тақта, 2 принтер, 2 модем және электронды оқулықтармен қамтамасыз етті.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале