6.10.2017, 15:11
Оқылды: 24

Қаратөбелік мемлекеттік қызметкер аудармашылар байқауында бақ сынады

Жуырда облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемелекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, аудармашылардың іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін шындау мақсатында облыстық «Үздік аудармашы» байқауын ұйымдастырған болатын.

Аталмыш байқауға аудан намысын қорғай барған Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру- бақылау бөлімінің бас маманы Лилида Сайнова жүлделі ІІ орынды иеленіп, елге табысты оралды.

Жігерлі жас маман Лилида Сайнова 1987 жылы Қаратөбе ауылында дүниеге келген.

Шоқтығы биік білім ордасы Қаратөбе мектеп- гимназиясында білім алып, 2005 жылы Астана қаласын-дағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар мамандығына оқуға түсіп, үздік аяқтайды.

–  Аудармаға деген қызығушылығым жоғарғы оқу орнына түскен сәттен басталған болатын.

Университет қабырғасында мамандық бойынша дүниежүзі тарихын оқитынбыз, оқулықтардың көбісі орыс тілінде болатын-ды. Талай мазасыз күндер мен ұйқысыз түндерде семинар сабақтарын жазып, орысшадан қазақшаға аударып, қалам тоздырған еңбектің арқасында ІІ курс оқып жүрген кезімде қазіргі «Жетінші арна», ол кезде «Эра ТВ» деп аталатын телеарнаға қазақша-орысша аудармашы болып жұмысқа орналастым.

Осы кезден бастап аударма ісімен айналыса бастадым. Түрлі компаниялармен қашықтан фрилансер ретінде жұмыс істедім.

Жалпы, аударма дегеніміз аударатын тілдерді, олардың ерекшеліктерін жетік білуді, сөздік қордың мол болуын, жан-жақты болуды талап ететін күрделі сала.

Ол да бір өзіндік шабытты қажет етеді.

Қазіргі таңда ресми хат-хабардың қазақша жүргізілуіне байланысты аударманың, сауатты аударманың рөлі артуда деп ойлаймын. Алайда бүгінде әлі де орыс тілінен тікелей сөзбе-сөз аударылған құжаттармен кездесіп келеміз. Мағынасы сәйкес келгенімен, әрбір тілдің ерекшелігін

сақтай отырып аудару қажет, - дейді білікті маман Лилида Сайнова.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айы елімізде тілдер айлығы деп жарияланып, тілдер мерекесі кеңінен мерекеленеді. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру туралы қанша айтсақ та, бәрін Қадыр Мырза Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген бір ауыз сөзімен түйіндеуге болады. Тіліміз барда біз қазақ болып қала бермекпіз. Сол себепті елімізде әлі жетілдіруді талап ететін салалардың бірі аударма ісіне өзіндік із қалдырып, үлесін қосып жүрген Лилида Саматқызына жемісті еңбек тілейміз.

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале