4.12.2018, 17:27
Оқылды: 84

Қаратөбелік оқушылар ат ерттеуді үйренуде

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған атқа міну мәдениетіне байланысты Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары шәкірттерін атқа міну және оны ерттеу ретін түсіндіріп, ат әбзелдерінің атауымен таныстырды.

Ат ұстаудың қыр-сыры туралы Қаратөбе ауылының тұрғыны Тыныштық Мұхамбетияров оқушыларға айтып берді. Тыныштық аға 30 жылдан бері ат ұстап келеді. Үнемі жастар мен балаларға жылқы түлігі, оның адамға пайдасы  жайында кеңінен насихаттап жүр.

DSC_0584

-Жылқыны ерттемес бұрын оның басына жүген кигізіледі. Жүген салмай ерттей бастасаң тепсініп, сес көрсетіп, ерттеуге мұрша бермейді. Мұнан соң арқасына терлік салынып, ер батпас үшін бірнеше тоқым төселеді. Бұл зат әдетте қазақы киізден немесе қалың матадан жасалады. Ер тайқымас үшін жона салынады. Бұл да қалың теріден арнайы дайындалады. Артынша ер орналастырылады. Ерді бекіту үшін аттың төсі тұсынан тартпа тартылып, іле-шала ер үстіне жастық (бөстек) төселеді. Сол жастықтың үстіне аттың шап тұсына қарай тағы бір тартпа тартылады, - деп оқушыларға түсіндірген берген Тыныштық Мұхамбетияров ат ерттеуді іс жүзінде көрсетіп берді.

Атқа мінетін яғни, аттың сол жағын «мінер жағы» дейді де, келесі жағын «қамшылар жағы» екенін айтты.

-Атқа отырмастан бұрын тізгінді жалымен бірге ұстап, тізгінің бос болмауын қадағалау қажет. Сондай-ақ, аттың басын қатты тартпаймыз. Ерге жақын отырып, арқаны тік ұстап, құлап қалмас үшін тепе-теңдікті сақтап, тақымды берік қысу керек,- деді Т.Мұхамбетияров.

Атқа мінудің ерекшелігі турасында кеңес алған оқушылар ағаларына алғыс айтты.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

DSC_0591

 

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале