4.10.2017, 17:37
Оқылды: 26

Қаратөбелік шаруа өзі оқыған мектепке демеушілік етті

Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылының азаматы, «Өтебаш» шаруа қожалығының жетекшісі Жүсіп Жайғалиев өзі білім алған мектепкемузыкалық аппарат алып берді.  


–  Өткен оқу жылының соңында Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінде музыкалық аппарат істен шығып, көптеген іс-шараларды музыкалық құрал-жабдықтың сүйемелдеуінсіз өткізуге  тура келді, - дейді мектеп директоры Ақмарал Мұқанова.

Осылайша, мектеп директоры Ақмарал Ораққызы «Өтебаш» шаруа қожалығының жетекшісі Жүсіп Жайғалиевпен сөйлесіп, мектепте музыкалық күшейткіш аппаратының істен шыққандығын, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, мектепте өнерлі де музыкалық қабілеті бар оқушылар көп оқитындығын жеткізген. Жағдайды түсінген жанашыр азамат Жүсіп мектепке қажет музыкалық жабдықты алып беруге уәде берген.

Іскер азамат Жүсіп Өтебашұлы Ұстаздар мерекесі қарсаңында өзі уәде еткендей,  білім ордасына музыкалық күшейткіш аппаратын сыйға тартты.

Өз қалтасынан қаражат бөліп, мектеп өміріне бей-жай қарамайтындығын көрсетіп, көпке үлгі болатындай сауапты іс жасады. Біз Жүсіп Өтебашұлына зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осындай ел мүддесін ойлайтын арда азаматтарымыз көп болғай. Барша оқушылар жомарттық танытқан ауыл азаматына дән риза. Өнерлі өрендеріміз биіктерден көрінсе, нәтижелі жұмыстың бастауына үлкен қамқорлықтың сеп болары бізді қуантады, - дейді мектеп директоры Ақмарал Ораққызы.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

«Қаратөбе өңірі»

Суретте Жүсіп Жайғалиевтің ұлы Рустем

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале