21.05.2018, 14:46
Оқылды: 39

Қаратөбелік спортшылардың шеруі өтті  

Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Астана қаласының 20 жылдығына – 20 жұлдыз» шеруі өтті.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын халыққа арнаған Жолдауларында да спортқа көп көңіл бөлуді тапсырады. Өңірлерімізге спорттық кешендер, спорт алаңдарын салып, бұқара халықтың 30 % спортқа тарту керектігін айтқан болатын.

Ауданымыздың намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың бағындырған белестері аз емес. Мәселен, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, қол күресі, еркін күрес, бокс, футбол, дзюдо, волейбол ойындарынан өткен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жас спортшыларымыз «Жұлдыздар аллеясына» сап түзеді.

Аудан намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген жиырма спортшының жеткен жетістіктері жеке-жеке дәріптелді. Сонымен қатар оларға спорттың қыр-сырын меңгерткен бапкерлерінің де есімдері мақтанышпен аталды.

Айтулы шарада Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Еділбек Қобыландиев:

– Ауданымыздың нағыз чемпиондарысыздар. Спортшыларға барынша қолдау көрсетіп келеміз. Ауданымызда спортпен шұғылдануға мүмкіндік мол. Ауылдық округтерде арнайы мамандар және дене тәрбиесі пəнінің мұғалімдері де шәкірт дайындап келеді. Спортшының жетістікке жетуі тікелей оның жаттықтырушысына байланысты. Дода жастардың шеберлігін шыңдауға әсер етері сөзсіз, - деді.

Жұлдызды шеруде аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржамал Берниязова, «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалының сектор меңгерушісі Әди Мырзагерей, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Байжан Бақтығалиев сөз сөйлеп, спортпен тұрақты айналысып, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің мақтаныштары атаныңыздар деген ақ тілектерін жеткізді.

Жас спортшыларымыз өз кезектерінде сөз сөйлеп, спорт үйірмесіне қалай келгендіктерін, жаттықтырушылары спорттың қыр-сырларын, әдіс-тәсілдерін үйреткен соң қызығушылықтары оянғанын, аудандық жарыстарға шығып, күнделікті жаттығуға келіп шыңдалып жүріп облыстық жарыстарға жолдама алып, аудан намысын қорғау жауапты кезеңдерден тұратындығын жеткізді.

Одан әрі республикаға жолдама алып, облыстық құраманың сапында өнер көрсеткендегі тебіреніс жайы да айтылды. Жас спортшылар алғаш республикаға барғанда қобалжу, қорқыныш болатындығын, оны жеңуге тырысатындықтарын айтты.Шеберлік сабақтарында жүргізді.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале