18.12.2019, 15:03
Оқылды: 627

Қаратөбелік жастар кейуанаға үй салып берді

Биыл "Жастар жылы" болып белгіленіп, соның аясында Қаратөбе ауданында игі істер, нақты қадамдар жасалып жатыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсанында Қаратөбе ауданындағы «Мұхит жастары» ЖҚБ мен аудандық жастар ресурстық орталығы үйі апатты жағдайда тұрған Талшын Мұхамедияроваға баспана сыйлады.

qaratobe ui (5)

Аудан жастарының, аудан әкімдігінің сондай-ақ жомарт жандардың қолдауының арқасында бой көтерген баспана құрылысы биыл тамыз айында басталған еді. Араға салған аз уақытта Талшын әжеміз баспанасына қол жеткізді. Айта кету керек кейуана бұған дейін апатты деп танылған баспанада тұрған еді.

Қарияның қоныс тойына аудан әкімі Жанат Асантаев арнайы келді.

qaratobe ui (10)

-Бүгінгі тәуелсіз елдің жастары атымтай жомарт азаматтармен бірлесіп Талшын әжемізге баспана тұрғызып берді. Бабаларымыздың асарлату дәстүрін жаңғыртуды көздеген аудан жастарының бұл – алғашқы жобасы.Жалпы жастарының бірлігі мен игі іске деген құлшынысын бұрыннан білеміз. Осы талабына қанат бітірген биылғы Жастар жылында атқарылған іс шыныменен көңілді марқайтарлық.

qaratobe ui (3)

Жастайынан жағымды іске әуес болған бала есейіп, ержеткенде елдің перзенті боларына сенеміз. Ауыл үшін аянбай жүрген жастардың қайырымдылығын көргенде көңіліміз көкке жетеді. Сондай-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қарттарын қадірлеген қоғамды қайта жаңғырттық, - деген аудан әкімі Талшын әжейді құттықтап, жаңа баспана кілтін табыстады.

- Қаратөбе ауданының қайырымды тұрғындарының арқасында біткен үй аумағы 48 шаршы метр. Қыстың көзі қырауда тозығы жеткен үйде тұрып келген Талшын әжеге жаңа баспана сыйладық. Жылы ұяға жайғасқанына, жастарға алғыс білдіруде. Сондай-ақ бізге қолдау білдірген аудан басшысы Жанат Асылханұлына және аудан әкімінің орынбасарлары Жасұлан Кәрелұлына, Рашит Нәсіпқалиұлына, «Jas project» жобасының қатысушыларына, «Жасыл ел» еңбек жасағына барша қайырымды жандарға алғыс білдіреміз, - дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Эльдар Ниязбекұлы.

qaratobe ui (2)

- Жаңа пәтер – біздің бақытты күндеріміздің бастауы. Барлығы жақсы. Баспанада қажеттінің бәрі бар. Үлкенге қол ұшын беруге дайын жастарға, аудан тұрғындарына алғысым шексіз,- дейді Талшын әжей.

Айта кету керек, үй заманауи үлгіде салынған. Сондай-ақ тұрмыстық жабдықтармен қамтылған.

Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале