25.10.2017, 11:14
Оқылды: 18

Қаратөбеліктер қайсар қызға көмектесті

Қаратөбеліктер Мейірбандық айлығы аясында «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концертіне жиналды. Мақсат - ауыр дертке шалдыққан қаратөбелік балғын қыз Жұлдыз Серіковаға жәрдемдесу, қолұшын созу.

Жұлдыз ота жасату үшін Үндістан мемлекетіне жолға шыққалы отыр.

Концертте «Жас дарын» І республикалық байқауының лауреаты Маржан Маратқызы «Әкеме», Халықаралық байқаулардың лауреаты Рүстем Ақташев «Анашым», облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалінің лауреаты «Шөптікөл» триосы «Сен бар екеніңе...» әндерін әуелете шырқаса, Ажаргүл Әлиева жазушы Оралхан Бөкейдің «Соқыр қыздың әңгімесін» нақышына келтіріп оқыды.

Қайырымдылық концерті мен арнайы «Жүректен жүрекке...» қайырымдылық жәшігінен түскен қаражат қайсар қыз Ж.Серіковаға табыс етілді.

Сахна төріне көтерілген Жұлдыздың әжесі Жаңылсын Биғалиева аудан әкімдігіне, барша зал толы көрерменге аналық алғысын арнап, Жаратқаннан ұрпағының тез сауығып кетуін тіледі.

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале